АҚШ шошқасынан бас тартқан Қытайға қазақстандық шаруалар ет жеткізе алады – Сауда министрлігі

Бақыт Сұлтанов экспорттық әлеуетті сөз етті

АҚШ шошқасынан бас тартқан Қытайға қазақстандық шаруалар ет жеткізе алады – Сауда министрлігі
Фото: ашық дерек көздерінен

Пандемия кезінде логистикалық тізбектер бұзылып, сауда процестерін айтарлықтай қиындатты, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

«Алайда, бұл сонымен қатар жаңа бағыттарды да ашуда, біз соны дер кезінде пайдаланып үлгеруіміз қажет. Мысалы, АӨК өнімдеріне келетін болсақ, Қытай өз нарығына АҚШ-тан келетін шошқа етін тоқтатқан кезде, қазақстандық шошқа өсірушілердің ҚХР-ға экспортын жолға қоюға мүмкіндігі бар. Оның үстіне, біздің қытайлық серіктестеріміз бұған бірнеше рет қызығушылық танытты», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Министрдің сөзінше, Германия және Швейцария инвесторлары да Қытай нарығына қарай отырып, осы салаға айрықша қызығушылық танытқан. Пандемия кезіндегі кедергілерді ескере отырып, министрлік ұлттық өндірушілерді осы мүмкіндіктермен таныстырып жатқан көрінеді.

Сондай ақ, басым бағыттар бойынша шикізаттық емес экспортты жедел ілгерілету жөніндегі жобаны бастаған.

«16 тауар позициясы анықталды, олар үшін 2025 жылға қарай қосымша $13,5 млрд-қа дейін арттыру жоспарлануда. Біз бизнеспен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бастамалар картасын жасап, жақын арада оларды жүзеге асыруға кірісеміз. Бірақ мұның бәрі – жоспар. Ал әзірше ағымдағы жағдай мынадай: алты айда 52-ден астам экспорттаушы-өндіруші (Қазақстанның барлық аймақтарында) KazakhExport-тың қолдауына ие болды, олардың ішіндегі 13-і алғаш рет қолдау алды. Экспорттық-кредиттік агенттік қызметін бастағалы бері машина жасау, металлургия, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен (ет өңдеу, жұмыртқа өндірісі, көкөніс өндірісі және т.б.) сияқты салаларда 120-ға жуық кәсіпорынға қолдау көрсетілді»,- деп жазды Сұлтанов.

Айта кетерлігі, тамақ өнеркәсібі саласында экспорттық акселерация бағдарламасын іске асыру басталды. Бүгінгі таңда 40-қа жуық компания өздерінің экспорттық дайындығын  және дайын сапалы өнімідерін көрші елдердің нарығына шығаруға ниет білдірген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.