Шариғат талаптарына сай несие береді: Қазақстан нарығына жаңа шетелдік банк кіреді

Автор: Нұргүл Абай

Жаңа банк шариғат талаптарына сай несие бере алады

Фото: adcb.com

Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банктерінің бірі Қазақстанда еншілес банкін ашады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке Қазақстан Республикасында еншілес банк құруға рұқсат берген.

«Агенттік келіп түскен өтініш пен құжаттар топтамасының негізінде басқарманың 2026 жылғы 20 наурыздағы № 8 қаулысымен ADCB-ға «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» акционерлік қоғамының еншілес банкін ашу туралы рұқсат, сондай-ақ құрылатын банкке қатысты банк холдингі мәртебесін алуға келісім және еншілес ұйымды құруға рұқсат берді», - делінген хабарламада.

Жаңа банк клиенттерге барлық негізгі қаржылық қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар «ислам терезесі» арқылы исламдық қаржыландыруды да дамытады. Осылайша қазақстандықтар үшін қаржы өнімдерінің түрлері көбейіп, баламалы қызметтерге қолжетімділік артады. Қаржы ұйымы ішкі инфрақұрылымын құрып, қызметтерді іске қосу бойынша дайындық жұмыстарын аяқтағаннан кейін, оған әмбебап банк лицензиясы беріледі.

ADCB туралы не белгілі?

ADCB – Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банктерінің бірі. Оның негізгі акционері – Абу-Даби үкіметіне толығымен тиесілі Mubadala Investment Company PJSC инвестициялық компаниясы.

Банктің халықаралық кредиттік рейтингтері жоғары. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ADCB жиынтық активтері 210 млрд доллардан, меншікті капиталы – 24 млрд доллардан, жыл қорытындысы бойынша таза пайдасы – 3 млрд доллардан асады. Банктің қаржылық орнықтылығы жоғары және өзінің еншілес банкін ұзақ мерзім бойы тұрақты қолдай алатын қабілетке ие, деп атап өтті агенттік.

Қазақстанда ашылатын еншілес банктің жалғыз акционері ADCB болады.

Тегтер: