$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2020, 12:17
Экономика

Жапония Қазақстаннан жылқы етін сатып алатын болды

Күншығыс елі жылқы етінен бағалы деликатес жасайды

Жапония Қазақстаннан жылқы етін сатып алатын болды

Биылдан бастап Қазақстан Жапонияға жылқы етін экспорттайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жаңа нарыққа кірместен бұрын АШМ 2018 жылдан бастап дайындық жұмыстарын жүргізіпті. Осы жылы ведомствоға қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шетелдік әріптестерге алғашқы сұрау хат жолдаған. Онда қазақстандық фермерлер мен кәсіпкерлер Жапонияға жылқы етін жеткізуге мүдделі екені туралы айтылған.

«Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Жапония елінің Ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасынан жылқыларды сою және қайта өңдеу кезінде алынған ет, ет шикізаты мен субөнімдерді Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат берді. Ал, 2020 жылдың 25 мамырынан бастап экспорттың ашылуы туралы ресми хабарлама жіберді», - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Бұрын қол жеткізген келісімдерге сәйкес, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өз өнімдерін экспорттауға дайын қазақстандық кәсіпорындардың тізімін жасады. Ет одағы, «Атамекен» ҰКП және Комитеттің облыстық аумақтық инспекциялары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жіберілген сұранымға 34 отандық кәсіпорын өздерінің келісімдерін берді. Олар туралы ақпарат жақында жапон тарапына берілді.

Айта кету керек, Жапония елі тек жылқы етін ғана импорттауға емес, тірі жылқыларды да сою үшін сатып алуға мүдделі.

Осы уақытқа дейін Жапонияға жылқы етін негізгі экспорттаушы ел Канада болды. Күншығыс елінде жылқы еті ежелден шикі түрде пайдаланылады және деликатес болып саналады. Жоғары дәмдік сапасы үшін қабырғадан алынған ет ерекше бағаланады. Жылқы етінен суши мен сашими ет кесектері дайындалады.

Серіктес жаңалықтары