Былтыр Қазақстанда 2,4 трлн теңге көлемінде ипотека берілген
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы 2025 жылғы ипотека нарығына шолу жасаған. Шолуға сенсек, 2025 жылы рәсімделген жаңа ипотекалардың үлесі 16,7% өсіп, 2,4 трлн теңгеге жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржыгерлер қауымдастығының ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Дереккөз жазғандай, бұл өсім Отбасы банктің үлесіне тиесілі: Отбасы банк берген ипотеканың көлемі жылдық есепте 27,5% өсіп, 1,3 трлн теңгеден 1,6 трлн теңгеге жетті.
«Бұған жеңіл ипотека мен мемлекеттік бағдарламалардың кеңеюі, салымшылар мен тұрғын үй құрылыс жинақтары шарттарының базасының өсуі (+420 мың), сондай-ақ базалық мөлшерлеменің жоғары болуы ықпал етті», - деп жазған қауымдастықтың сарапшылары.
Осылайша, дереккөзге сүйенсек, былтыр нарықтағы жаңадан берілген «арзан» ипотекалардың үлесі 74 пайызға жеткен. Керісінше, екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекалық өнімдерінің үлесі 26% дейін төмендеп кеткен. сарапшылар бұндай «құбылыс» ипотека нарығының барған сайын дербес дамуына әкеле жатқанын жазады.
«Мемлекеттік саясаттың қарама-қайшы бағыттары — бір жағынан жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту, екінші жағынан ақша-несие және макропруденциялық талаптарды қатаңдату — нарықтағы құрылымдық теңгерімсіздіктерді күшейтіп, ипотекалық нарықтың нарықтық конъюнктурадан барған сайын дербес дамуына әкеліп отыр», - деп жазылған сараптама.