Үш ел күн, жел сияқты жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейді
Парламент Мәжілісі Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялады. Құжат Каспий теңізі арқылы тартылатын суасты кабелі арқылы экологиялық таза электр энергиясын Еуропа нарығына экспорттауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тараптар келісімге 2024 жылғы 13 қарашада Баку қаласында қол қойған.
Келісімнің негізгі мақсаты – үш ел арасында тұрақты энергетикалық ынтымақтастық орнатып, жаңартылатын энергия көздері (күн, жел сияқты) саласында ұзақ мерзімді жобаларды дамыту.
Құжатқа сәйкес, тараптар жаңартылатын энергияның әлеуетін тиімді пайдаланып, экологиялық таза электр энергиясымен өзара сауданы дамытуға ниетті. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің энергия жүйесін Әзербайжанмен байланыстырып, болашақта жасыл электр энергиясын тұрақты түрде экспорттауға мүмкіндік жасау жоспарланған.
Ынтымақтастық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа электр желілерін салу және бірлескен жобаларды іске асыру көзделген. Барлық жұмыс елдердің тең құқылығы, өзара тиімділік және ұлттық мүдделерді құрметтеу қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Маңызды жобалардың бірі – Каспий теңізі түбімен суасты кабелін тартып, Қазақстан мен Өзбекстанда өндірілген жасыл энергияны Әзербайжанға жеткізу. Кейін бұл энергия Қара теңіз энергетикалық дәлізі арқылы Еуропа елдеріне экспортталуы мүмкін.
Сонымен қатар бұл келісім жалпы бағытты анықтайтын негіздемелік құжат болып саналады. Яғни ол бірден қаржылық міндеттемелер жүктемейді, ал нақты жобалар кейін жеке келісімдер арқылы және әр елдің заңнамасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асады.