$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді – Үкімет

Үкіметте инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ахуалы қаралды

Қазақстанда инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді – Үкімет
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляция динамикасы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ахуалына арналған кезекті кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметтің дерегінше, азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастыруда: желтоқсандағы 13,5%-дан қаңтарда 12,9%-ға, ақпанда 12,7%-ға дейін төмендеді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бұған әсер еткен факторлардың бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің жаңартылуы. Аталған тізім 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бағаның тұрақтануына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылаудың күшейтілуі де ықпал етуде.

«Жыл басынан бері Сауда комитеті тиісті талаптарды бұзғаны үшін 800-ден астам әкімшілік іс тіркеді. Жалпы ел бойынша инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді: 2025 жылдың қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы ақпанда 11,7%-ға дейін төмендеді. Наурыз айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 0,1%-ды құрады. Әдетте наурыз айында маусымдық баға өсімі байқалады. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігі оны қосымша баға акцияларын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін кеңейту арқылы тежеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар көрші елдерден көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған «жасыл дәліз» механизмі де өз жұмысын жалғастыруда. Кеңесте сүт өнімдерінің қымбаттағаны аталды. Бұл, ең алдымен, негізгі шикізат — шикі сүт құнының өсуімен байланысты. Бұдан бөлек, энергия ресурстары бағасының артуы мен өндірістік шығындардың көбеюі де әсер етуде. Айта кету керек, сүт өнімдері азық-түлік инфляциясының құрылымында елеулі үлеске ие — шамамен 6,3%», - деген деректер айтылды отырыс барысында.

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі сүт өңдеу кәсіпорындарын қолдау тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ нан саласын қолдау шараларын пысықтау ұсынылды. Атап айтқанда, кәсіпорындарды арзандатылған астық және ұнмен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп тиісті шикізатты теміржол арқылы тасымалдау тарифтерін төмендету мүмкіндігін қарастыру мәселесі көтерілді. Вице-премьер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін елде жұмыс істеп тұрған 42 сүт өңдеу кәсіпорнындағы өнім бағасының қалыптасуына жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Кеңесте Жамбыл облысындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайы да жеке қаралды.

Азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша өңір елде бесінші орында, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі бойынша алтыншы орында тұр.

«Қазіргі уақытта облыста 1982 дүкен жұмыс істейді, оның 69-ы ірі сауда желілері. Өңір нарығын шамамен 50 ірі өндіруші қамтамасыз етеді. Олардың ішінде отандық өнімнің үлесі 43%-ды, ал импорттық өнім шамамен 30%-ды құрайды. Сондай-ақ өңірде сүтті терең өңдейтін 19 кәсіпорын және ет өңдейтін 38 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылы облыста 230 мың тонна сүт өндіріліп, оның 107,7 мың тоннасы өңделген. Сонымен қатар 75,3 мың тонна ет өндіріліп, оның 43%-дан астамы қайта өңдеуден өткен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін 11 кәсіпорын үшін электр энергиясына жеңілдетілген тарифтер қарастырылған», - деген деректер келтірілді отырыста.  

Кеңес барысында тұрақтандыру қорларындағы көкөніс өнімдерін сату қарқынының төмен екені де айтылды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, қазіргі таңда картоп қорының 56%-ы, сәбіз бен пияздың 55%-ы, ал қырыққабаттың 58%-ы сатылған. Бұл бағыттағы жұмыс қарқыны Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда және Ұлытау облыстарында баяу жүріп жатқаны байқалады. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда комитетіне өңірлердегі тұрақтандыру қорларына тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктердің есептік деректерінде көрсетілген өнімдердің нақты бар-жоғын анықтау міндеті қойылды.