Қазақстанда 1,2 миллионнан аса кәсіпкер қосылған құн салығынан босады
Олар енді салықты бұрынғы пайызбен төлей береді
Қазақстанда 1,2 миллионнан астам кәсіпкер салықтың жеңіл режимін таңдап, қосылған құн салығынан босады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында хабарланған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Комитет еске салып отырғандай, биыл 1 наурызда салық төлеушілер үшін салық салу режимін таңдаудың өтпелі кезеңі аяқталды.
«Өтпелі кезеңнің қорытындысы бойынша бизнес субъектілерінің көпшілігі арнаулы салық режимін сақтап қалды немесе соған ауысты. Дәлірек айтқанда, 1,2 миллионнан астам кәсіпкер жеңіл декларациямен арнаулы салық режимін таңдады. Бұл режим жылдық кірісі 600 000 АЕК-ке дейін ( шамамен 2,6 миллиард теңге) салық төлеушілерге арналған», - деп хабарлайды МКК.
Жалпы, жеңіл режимді таңдаған кәсіпкерлер үшін жалдамалы жұмысшылар санына шектеу жоқ, бұл еңбек қатынастарын заңдастыруға ықпал етеді. Және олар Қосылған құн салығынан босайды.