Биыл бюджеттің табысы таза салықтан 19,2 триллион теңге болуы тиіс – экономист 2026 жылды болжады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл биылғы көрсеткіштен 32 пайызға артық дейді ол

Фото: istockphoto.com

Экономист Айбар Олжаев келіп жеткен 2026 жылы Қазақстан экономикасына қатысты болжамдарын ұсынған. Оның айтуынша, биыл Қазақстан экономикасы мен халқы үшін өте қойлайлы жыл болады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл сөзіне дәлел ретінде ол өз анализін ұсынған. Айбар Олжаев 2026 жыл 2025 жылдан да жақсы болатынына бірнеше себеп атады.

«Халықтың «келесі жылы қиналамыз» деп алдын-ала өзінің жолын кесіп, сары уайымға түсіп кеткенін биыл бірінші рет көріп тұрмын. Қазақ экономикасы үшін нағыз қиын екі кезең ғана болды. Ол жоспарлы экономика күйреген 1990-1995 жылдар мен 2020 жылғы пандемия. Қиналсақ сол кезде қиналуымыз керек еді ғой. Бірақ оптимизміміз жоғары болды ма, қатты бір еңіремей өтіп кеттік. Олардың қасында 2026 деген нағыз ертегі жыл. Негізгі бес параметрді алдым. Біріншісі және маңыздысы, халық қорқып отырған, қиналамыз деп отырған параметр – қымбатшылық. Ештеңе жасырмау керек, ия, инфляция қазақ экономикасының қазіргі таңдағы ең әлсіздеу тұсы. Бірақ инфляция көп болса келесі жылы 11-12% коридорында болады. Ол биылғы көрген картинамыз. Бұл өлім емес. Мысалы, 2020 жылы инфляция 20,3 пайыз деңгейінде болған. Ал 1993 жылдары 800% болғанын ұмытпаңыздар. Қымбатшылықтың бірінші көзге көрінер-көрінбес толқыны қаңтар-ақпанда ұрады да, артынан сәуір айына таман органикалық қозғалысқа ілесіп білінбей кетеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, 2026 жылы жұмыс та, сол жұмыс үшін төленетін жалақы да көп болады. Әрі, оның айтуынша, мемлекет жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғайтын шараларды күшейткен.

«Жұмыс көп болады және айлықтар өседі. Біздің жалақымызды инфляцияға индекстеу бойынша үлкен бастама жүріп жатыр. Осы бағытта, бәрінде жұмыс болу үшін кемінде 3 триллион теңге немесе 6 миллиард доллар қызмет етеді. Жұмысшының құқығын қорғау қатты күшеймек. Қазірдің өзінде Еңбек инспекциясы қаһарына мінді», - дейді ол.

Жалпы, қаржыгердің анализіне сенсек, биыл ішкі жалпы өнім кемінде 5,4% өсуі тиіс. ІЖӨ 442 миллиард долларға жетеді. Бұл өз кезегінде мемлекетке өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындауға мүмкін береді дейді ол.

«Мұндай күші бар мемлекет халқын тентіретіп қоймайды. Зейнетақы, айлық, жәрдемақы барлығы уақытылы беріледі және өседі. Себебі, 2026 жылы республикалық бюджеттің табысы таза салықтан 19,2 триллион теңге болуы тиіс. Бұл биылғы жылдан 32 пайызға артық. Ал бюджеттің жалпы кірісі 23,1 триллион теңге деп бекітілді. Сонда бюджет келесі жылы Ұлттық қордан тек 2,77 триллион теңге ғана алмақ.  Бұл өте жақсы. Ұлттық қор тез өседі. Біздің балаларымызға болашақта жылына мың доллардан таратылуы мүмкін. Себебі, халықаралық резервтеріміз күшті өсуде. Дәл қазір еліміздің халықаралық резервтері 125,7 миллиард долларды құрайды. Халықаралық резерв екі қордан тұрады. Біріншісі Ұлттық банктің алтын-валюта қоры. Оның көлемі 62,1 миллиард доллар. Биыл осы қор жақсы өсті. Себебі алтын кәдімгідей қымбаттады. Екіншісі – Ұлттық қор. Ұллық қордың валюталық активтері 63,6 миллиард долларға жетіп отыр. Екеуін қоссақ, халықаралық резевтеріміз 125,7 миллиард доллар болғанын көре аламыз», - дейді ол.

Айбар Олжаев сондай-ақ теңгенің болашағы мен жеке кәсіпкерлерге қатысты болжамын да ұсынған.

«Жеке кәсіпкерлер қиналатын шығар деуіңіз мүмкін. Оны да сараладым. Бізде ең көбі халыққа қызмет ететін, B2C сектордағы жеке кәсіпкерліктер. Яғни саудада, кафе, шаштараз. Олар үшін ештеңе өзгермейді. Тіпті жылдық айналымы 40 миллионнан аспайтын ЖК үшін керісінше кейбір жерде салық жүктемесі одан сайын арзандайды.Тек компанияларға қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер ғана ортақ режимге өтіп, 1-2 ай қиналады, 200, 220 форма есептері, бухгалтерияны меңгереді. Олардың үлесі көп емес. Ал мыңдаған бос жеке кәсіпкерлер, қызметкері жоқ, жай электронды счет-фактура басып отырған қағаз жүзіндегі жеке кәсіпкерліктер жабылмақ. Жабылсын. Сонда нақты біздегі кәсіпкерліктің статистикасын көреміз. Халыққа не үшін жақсы болады? Құр жеке кәсіпкерлер арқылы салықтан қашып, содан тапқан ақшаны шетелге шығарып жүрген байлар енді осы қаржының бәрін халықпен бөлісежі. Кедей салық төлемейтін, ал бай салықты көп төлейтін жүйеге кетіп бара жатырмыз. Ол біз үшін жақсы емес пе? Ал шынымен еңбек етіп жүрген адал кәсіпкерді енді мемлекет толық қамқорлығына алмақ. Сол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаған Үкімет «Іскер аймақ» деген бағдарламаны ұсынды. Микробизнеске шындап кірісеміз. Бұл ауыл-аймақтар мен шағын қалалардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, шағын наубайханасы бар, ет өнімдерін дайындайтын, ағаш, қолөнер бұйымдарын жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған микробизнес өкілдеріне қуанышты жаңалық», - дейді мәселені қарапайым тілмен түсіндірген ол.

Ол бұдан былай жоспарлы салық тексерулері мүлдем болмайды, сондықтан, кәсіпкерлер алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады дейді.

«Жаңа Бюджет кодексіне сәйкес шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдері әкімдіктердің иелігінде қалады. Яғни, өз өңіріндегі кәсіпкердің табысты жұмыс істеуіне әкімдердің өздері де тікелей мүдделі болмақ. Өндірістік инфрақұрылымдар шағын бизнеске қолжетімді болады. Әкім енді жеке кәсіпкерлердің нағыз жанашыры. Кәсіпкерлер үшін өндіріске қажетті ғимараттарды жеңілдікпен жалға алуына жағдай жасалады. Келесі жылдан бастап өңдеу өнеркәсібіне өндірістік қуаттарды жаңғырту үшін лизингтік қаржыландыру тетігі іске қосылады. Осы орайда микро және шағын бизнес кепілдіксіз 300 миллион теңгеге дейін өндірістерін жаңғырта алады. Сондай-ақ шағын бизнеске айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайту мүмкіндігі беріледі. Банктік несие бойынша номиналды мөлшерлеменің шамамен 9%-ы субсидияланады», - дейді экономист.