Қазақстанда бензин қымбаттай ма – министрлік жауап берді
Келер жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнайдың ортақ нарығы құрылады
Қазақстанда бензин бағасын көтеру әзірге жоспарда жоқ, бірақ ЕАЭО аясында мұнайдың ортақ нарығына көшкен кезде жанармай құны біртіндеп көрші елдермен теңесуі мүмкін. Десе де барлық шешім елдің экономикасы мен халықтың табысына қарай қабылданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы энергетика министрінің кеңесшісі – энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді. Айтуынша, қазір елімізде АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге мораторий жарияланған.
«Жанар-жағармай бағасының күрт өсуі болжанып отырған жоқ. Ішкі отын нарығындағы ахуал уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында», - деді ол.
Ол 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру процесі кезең-кезеңімен жүзеге асатынын атап өтті. Бұл жерде бензин бағасын өзге елдермен бір мезетте және автоматты түрде теңестіру емес, заңнаманы үйлестіру мәселесі қаралып жатыр.
«Кез келген интеграциялық үдерістерде басты басымдық Қазақстанның ұлттық мүддесі мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына беріледі. Сонымен бірге объективті нарықтық факторларды да ескермеуге болмайды. Көршілес мемлекеттермен бағадағы елеулі айырмашылық арзан отынның заңсыз экспортталу тәуекелін тудырады. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін арттырады. Сондай-ақ қазіргі төмен баға инвестиция тарту мүмкіндіктерін шектеп отыр, ал саланы дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ жаңа, төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қаржы қажет», - деп түсіндірді Серікпаева.
Мораторий аяқталған соң, нарықтық баға белгілеуге көшу біртіндеп басталады.
«Барлық шешім нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейін ескере отырып қабылданады. Тұтынушылар үшін бағаның күрт өсуіне жол берілмейді», - деп сендірді энергетика министрлігі.