Олар кірісі мен шығысының есебін жүргізіп отыруға тиіс
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа жылдан бастап жеңілдетілген режимнен жалпыға бірдей белгіленген режимге көшкен жеке кәсіпкерлер табысынан қанша салық төлейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Егер кәсіпкер жалпыға бірдей салық режиміне өтсе, онда ол табысы мен шығынын есепке алуға міндетті болады. Яғни, сен тауар сатсаң, ол тауарды қаншаға сатып алғаныңды көрсетуің керек. Ол үшін бухгалтерлік есеп жүргізіп, шот-фактура алуың қажет. Салық таза пайдадан, яғни сатып алу мен сату бағасының айырмасынан төленеді. Мысалы, сен 1 миллион теңгеге сатып алған тауарды клиентке 1,5 миллион теңгеге саттың делік. Сонда сенің табысың 500 мың теңге болады. Дәл осы 500 мың теңгеден 10% мөлшерінде жеке табыс салығы төленеді», - деп түсіндірді Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр жылдың басында кәсіпкерлерге тегін консультация беретін «Халық бухгалтері» жобасы басталатынын еске салды.
«Бүгін таңертең бухгалтерлер қауымдастығымен осы мәселе бойынша арнайы кездесу өтті. Жаңа жылдан бастап мемлекеттік кірістер департаменттерінде бухгалтерлер қауымдастығымен бірге кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтін әрбір кәсіпкерге бухгалтер тегін бекітіледі. Бұл бухгалтерлер ақысыз, қайтарымсыз негізде салық есебі мен бухгалтерлік есепті тапсыруға байланысты кеңес беріп, көмек көрсетеді», - деді ол.