Қант, күріш және апельсин: Қазақстанда қандай азық-түлік тауарлары арзандады
Кейбір азық-түлік емес тауарларының бағасы мен коммуналдық тарифтер де төмендеген
Ұлттық статистика бюросы қараша айында қандай тауарлар және қанша пайызға арзандағанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның ақпаратынша, қарашада айлық инфляцияның деңгейі 0,8 пайызды құраған.
Қарашада арзандаған азық-түлік тауарлары:
- қырыққабат – 2,5%-ға,
- сәбіз – 2%,
- қызылша – 1,4%,
- қант – 1,3%,
- апельсин – 1%,
- күріш – 0,5%.
Ал мына азық-түлік өнімдері қымбаттаған:
- тәтті бұрыш – 5,2%,
- түсті қырыққабат – 5,1%,
- лимон, шоколад – 1,9%,
- рожки – 0,4%-ға.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында қараша айында қуат үнемдейтін шамның бағасы 1,7%-ға, елімізде құрастырылған жаңа автокөліктер 1,2%-ға, қазан айында 0,8 %-ға төмендеді. Смартфондар 5,4%-ға, кір жуғыш машиналар – 2,5%-ға, төсек-орын жинағының бағасы 0,5 %-ға көтерілген.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтері саласында суық су тарифі 7,1%-ға, су бұру 6,2%-ға, орталықтан жылыту 4,9%-ға, электр энергиясы 2,7%-ға төмендеген.
Сонымен қатар, шет тілдерін оқыту курстары 2,6%-ға, асханадағы түскі ас 1,6%-ға, дәрігерге алғашқы қаралу 0,7%-ға қымбаттаған.
Жылдық инфляция
Статистика бюросының дерегінше, жылдық инфляция 2025 жылғы қарашада 12,4%-ды құраған.
«Азық-түлік тауарлары бойынша қызанақ жылдық мәнде 8,1%-ға, күріш 6,9%, тәтті бұрыш 1,2%-ға арзандаған. Керісінше жұмыртқа 3,9%-ға, ал сарымсақ 3 пайызға қымбаттаған. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде кір кептіргіш 27,6%-ға, мұздатқыш 14,6%-ға, үтіктеу тақтасы 12%-ға арзандады. Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 7,7%, қабырға кафелі 6,2%-ға, электросамокат 3,6 пайызға өскен», - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2024 жылғы қараша айымен салыстырғанда қоқыс шығару қызметі 8,5%-ға, фотосурет басып шығару қызметі 7,5%, туристерді медициналық сақтандыру 4,4 %-ға қымбаттаған.