Сарапшыларда оптимизмнен гөрі пессимизм басым
2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін қиындықтар мен белгісіздік жылы болмақ. Халықтың нақты табысы едәуір төмендеп, жан-жақтан қымбатшылық қысады, ал кей салалар тіпті тұралап қалуы мүмкін. Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірген экономистер алдағы жылға осындай болжам жасап, қазақстандықтарға кеңес берді.
Белгілі экономист Марат Қайырленовтің пікірінше, 2026 жылы халықтың нақты табысы кем дегенде екі факторға байланысты айтарлықтай төмендейді. Біріншісі – қосылған құн салығының өсуі. Үкімет жаңа салық реформасы аясында шамамен 5 триллион теңге жинауды жоспарлап отыр, бұл жалпы ішкі өнімнің 3 пайызына тең. Ал екінші фактор – мемлекеттік шығындардың азаюы. Келер жылға арналған бюджет жобасында шығындар ЖІӨ-нің 15 пайызына дейін қысқарып отыр.
«Салыстыру үшін айтар болсақ, 2024 жылды біз 22% деңгейінде аяқтадық, яғни шығындар ЖІӨ-нің 7%-на немесе шамамен 13 триллион теңгеге қысқарады. Осылайша, Үкімет халықтан салықты көтеру арқылы ЖІӨ-нің 3 пайызын және мемлекеттік шығындарды азайту арқылы тағы 7 пайызын алғалы отыр. Жалпы есептегенде – минус 10 пайыз. Бізде экспорттан түсетін негізгі кірісті шикізат секторы береді, бірақ ол салада жұмыс істейтіндер экономикалық белсенді халықтың небәрі 10%-ын ғана құрайды. Қалған 90 пайызы мемлекеттік шығындар есебінен күн көріп отырған шикізаттық емес секторда еңбек етеді. Мысалы, құрылыс, инфрақұрылым, зейнетақы, бюджеттен жалақы алатындар деген сияқты. Ал қазір мемлекеттік шығындар ЖІӨ-нің 10 пайызына қысқаратындықтан, үкімет оның орнын толтыруға әрекет жасап жатыр. Мәселен, мемлекет «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғайтпақшы, ал холдингтің өзі тағы 7 трлн теңге тартады. Яғни ел экономикасына қосымша 8 трлн теңге немесе 4% ЖІӨ көлемінде қаражат құйылады. Алайда бұл шаралардың өзін қосқан күннің өзінде мемлекеттік шығындар таза ЖІӨ-нің 6%-на қысқарады», - дейді Қайырленов.
Сарапшы мәселенің ауқымын түсіну үшін Ұлттық статистика бюросының дерегін келтірді. Айтуынша, былтыр халықтың жалпы шығыны ЖІӨ-нің 18 пайызына тең болған. Егер осы шамадан 6 пайызды алып тастасақ, шығындардың шамамен үштен бірі жоғалуы мүмкін.
«Сол себепті мен 2026 жылы азаматтардың шығыны шамамен үштен бірге қысқаруы мүмкін деп есептеймін. Қарапайым ғана мысал: биыл инфляция 12,5–12,7% деңгейінде, ал зейнетақы болса тек 10%-ға индексацияланады. Арадағы айырмашылық – 2,5%. Яғни іс жүзінде нақты табыстың төмендейтінін білдіреді. Егер мемлекет өз жоспарынан ауытқымай, осы параметрлермен жұмыс істесе, біз келер жылы дәл осындай картинаны көреміз. Бұл 90-жылдардағы жағдайды еске түсіреді. Сондықтан халықтың нақты табысына қатысты менің болжамым өте нашар», - дейді экономист.
Нақты табыс үштен бірге азайғанда, алда не болатынын күні бұрын болжап білу қиын – экономиканы бір жылдың ішінде 90-жылдарға қайта түсіріп жіберуге болады, деп жалғастырды сөзін спикер.
«Билік дағдарыс ауқымын түсініп, бюджеттің орындалмайтынын мойындап, Ұлттық қордан қосымша трансферттер бөлуі мүмкін. Себебі халықтың нақты табысының азаюы ішкі сұранысты төмендетеді, кәсіпорындар табыстан қағылып, жабыла бастайды, қызметкерлерін жұмыстан шығарады, адамдардың несие өтей алу мүмкіндігі нашарлайды, соның салдарынан банктерде проблемалық қарыздар көбейеді. Осының бәрі экономикада дағдарыс процестерін іске қосып, Үкімет тұрақтандыру шараларын қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін. Ал бекітілген бюджет орындалмай қалуы ықтимал. Оның үстіне Ресейден импортталатын инфляция да елдегі қымбатшылыққа әсер етеді», - дейді Қайырленов.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, келесі жылы негізгі сын-қатерлердің бірі мұнай бағасымен байланысты.
«Егер Brent маркалы мұнай 60 доллар емес, АҚШ Энергетика министрлігі болжағандай 52 доллар немесе инвестициялық банктердің болжамы бойынша 56 доллар болса, бұл экономикаға айтарлықтай соққы жасап, жалпы сұранысты одан әрі қысқартады. Сондықтан келер жыл тұрақсыз әрі түсініксіз болуы мүмкін. Менің ойымша, қазіргі ұсынылған бюджет шынайы экономикалық жағдайға сәйкес келмейді әрі оның орындалуы да күмән тудырады», деп пікір білдірді Марат Қайырленов.
Сарапшы Айбар Олжайдың болжамынша, жаңа жылдың басында қосылған құн салығының 16%-ға дейін көтерілуі нарыққа белгілі бір қымбатшылық әкеледі. Халықтың әлеуметтік төлемдері мен табысы индексацияланса да, инфляция оны «жеп қояды». Сондықтан келер жылдың басында қазақстандықтардың табысы айтарлықтай өседі деп айту қиын, дейді ол.
«2026 жылдың басында инфляция күрт өседі. Нарық бірінші тоқсанда қосылған құн салығының әсерінен шок жағдайына түседі. Одан кейін біртіндеп бейімделген соң, 2026 жылдың екінші жартысынан инфляция 9–11% дәлізіне түсе бастауы керек. Жалпы 10%-дан жоғары инфляция халық үшін де, экономика үшін де қолайсыз. Біз үшін идеалды деңгей — 5 пайыз, бірақ оған жету әзірге мүмкін болмай тұр», - дейді ол.
Ал экономист Бауыржан Шурмановтың Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп жүзеге асыратын «2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бағдарламасы» көзделген мақсат-міндеттерге жетеді деген үміті зор.
«Коммуналдық қызмет тарифтері мен жанар-жағармай бағасының көтерілетіні хабарланған соң, инфляцияның өсуі жалғасады. Мұны тоқтатудың жалғыз жолы – қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыру және «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясындағы реформаны қайта қарау. Әзірге Үкіметтен мұнай/шикізаттан басқа балама бағыттарға қатысты нақты белгі немесе жаңа бастама байқалмай отыр. Экспорттың негізгі бөлігі бұрынғыша шикізатқа сүйенетіндіктен, экономиканың басты тірегі де сол болып қала береді. Сол себепті Brent мұнайының бағасын үнемі бақылап, оның өсетініне ғана үміт артуға тура келеді», - дейді Шурманов.
Сарапшының пікірінше, банктер туралы жаңа заңда көзделген шаралар да тұтынушылық несиені тежеп, инфляцияға мультипликативті әсер етуі мүмкін.
Айбар Олжайдың пікірінше, келесі жылы саудада экономикалық белсенділік төмендеуі мүмкін.
«Мемлекет инфляциямен күресу үшін бөліп төлеу, импорт айналымы және сауда тізбектеріндегі проинфляциялық факторларды шектеуге тырысады. Жалпы нарық қысқарады, артық ақша айналымда болмауы үшін шаралар күшейеді. Халыққа берілетін кредит көлемі айтарлықтай қысқарады. 2025 және 2026 жылдары берілетін кредиттер арасында үлкен айырмашылық болады. Бұл бір жағынан жақсы, халықтың қарыз жүктемесі азаяды. Бірақ екінші жағынан тұтыну да төмендейді – адамдар бұрынғыдай кредитке сүйенбей, тек қолындағы ақшаға қарай шығындануға мәжбүр болады. Яғни 2000 жылдардың басындағыдай «ақша болса – сатып аласың, ақша жоқ болса – күтесің» деген жағдайға қайта ораламыз», - дейді экономист.
Оның болжамы бойынша, баспана нарығында да стагнация күтіледі.
«Ипотека саны қысқарады, ал жаңа үйлердің қосылған құн салығынан бағасы өседі. Осыған байланысты тұрғындар пәтер сатып алуды кейінге қалдырып, «күту режиміне» көшуі мүмкін. Сондықтан келер жылы тұрғын үйді сату-сатып алу биылғыдан да аз болады деп ойлаймын», - дейді Айбар Олжай.
Жалпы, сарапшының ойынша, «2026 жыл – етек-жеңімізді жинап, есімізді жиятын, шығындарды қайта қарап, артық нәрсеге жол бермей, үнемдеуге мәжбүрлейтін жыл болады».
Экономист Марат Қайырленов қиын кезеңде ең бастысы – мүмкіндігінше қор жинап алу дейді.
«Экономикалық циклдер әрдайым өрлеу мен құлдыраудан тұрады, сондықтан егер біз дағдарыс кезеңіне кіріп жатсақ, шығындарды қайта қарап, мүмкіндігінше қысқартып, ал артық ақшаны жинаған дұрыс. Сонымен қатар, табыс көздерін әртараптандыру және оларды көбейту мүмкіндіктерін қарастыру маңызды. Қордың бір бөлігін теңгеде, бір бөлігін шетел валютасында сақтаған тиімді. Қазір теңгедегі депозиттер жақсы табыс әкеледі, бірақ бағам ауытқуы мүмкін, сондықтан жағдайды үнемі бақылап отыру қажет», - деді сарапшы.
Сондай-ақ Қайырленов дағдарыс кезеңінде сабыр сақтап, қаржылық қиындықтарға философиялық тұрғыдан қарауға кеңес берді. «Дағдарыстар өтеді, өмір жалғаса береді», – дейді ол.
«Егер Үкімет қазіргі жоспарды орындай берсе, жағдай одан әрі нашарлап, әлеуметтік-саяси салдарға әкеп соғуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан мен 2026 жылы дағдарыс аяқталып, 2027 жылға әлдеқайда ақылға қонымды әрі шынайылыққа жақын бюджетпен кіреміз деп сенгім келеді», - деп түйіндеді сөзін экономист.
Ал экономист Бауыржан Шурманов халықты өз табысына жауапкершілікпен қарауға және базалық ставка жоғары болып тұрғанда артық ақшаны депозитте сақтауға шақырды.
«Қазақстандықтардың табысы ең алдымен өздеріне байланысты. Әлеуметтік төлемдер индексацияланады, ал қалған секторлар бойынша әркім өзі ойланып, қамдануы керек. Мемлекетке алақан жайып отыруға болмайды. Нарықтық экономика ең алдымен өз кірісіңе дұрыс қарап, ақылмен жұмсауды талап етеді. Болжап болмайтын геосаяси сын-қатерлер жағдайында бастысы әркімнің азын-аулақ қоры болуы керек. Қазір базалық мөлшерлеме жоғары, артық ақшаны осындай жоғары пайыздармен сақтауға болады. Үш-бес жылдан кейін бәріміз осы 18-20 пайыздық депозиттерді еске аламыз. Өйткені ерте ме, кеш пе, бүкіл әлемдегі сияқты 4–8%-дық ставкалар бізге де жетеді», - дейді Шурманов.