$ 512.53  592.43  6.53
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауылдық округтер бюджетінің дербестігі артады

Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері ауылдық округтердегі түсім 130 миллиард теңгеден асқан

Ауылдық округтер бюджетінің дербестігі артады
Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурстарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды», - деді президент Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында.

Оның айтуынша, төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалып отыр.

«Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар. Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс. Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді», - дейді мемлекет басшысы.

Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді, деп санайды президент.

«Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар мемлекет басшысы салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

«Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет. Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы», - деп мәлімдеді Тоқаев.

Президент Үкіметке өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#бюджет