Келесі жылы Қазақстанда инфляция 9,5-12,5% деңгейінде күтіледі – Ұлттық банк

Автор: Нұргүл Абай

Бұған дейін Үкімет келесі жылы инфляция 11 пайыздан аспайды деп болжаған

Фото: gov.kz

Ұлттық банк 2025 және 2026 жылдарға инфляция болжамын қайта қарады. Келесі жылы да халықты қымбатшылық қысуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі. Ал 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанып отыр», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Айта кетері, өткен аптада Үкімет ұсынған 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында инфляция 2026 жылы 9,0-11,0% деңгейінде болжанған еді.

Сондай-ақ, Ұлттық банк 2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамын 6,0-6,5%-ға дейін жақсартты. 2025 жылғы жоғары база және салық-бюджет реформасының ішкі сұранысқа тежеуші әсерін ескере отырып, 2026 жылға экономикалық өсу болжамы 3,5–4,5%-ға дейін төмендетілді. Ал 2027 жылы экономиканың өсуі 4–5% ауқымында болуы күтіледі, бұл инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, тұрақты тұтынушылық сұраныс және мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты, деп атап өтті ведомство.

Бұған дейін Ұлттық банк базалық ставканы 18 пайыз деңгейінде қалдырғанын хабарлаған едік.