$ 538.13  624.88  6.64
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атқа мініп, мыңдаған шақырымды еңсерген қандастарды Астанада Мұхаммед Болысбек қарсы алды

«AMANAT» партиясы өкілдері саяхатшыларға естелік сыйлықтар табыс етті

Атқа мініп, мыңдаған шақырымды еңсерген қандастарды Астанада Мұхаммед Болысбек қарсы алды
Фото: «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы

Қытайдан Қазақстанға атпен жолға шыққан қандастар Астанаға жетті. Саяхатшылар — Қуанбек Түсіпханұлы мен жұбайы Жайна Еркінқызы 21 қазанда сапарын бастаған. Олар қазақтың бас қаласын көруді мақсат тұтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екі айдан астам уақыт бойы мыңдаған шақырым жол жүріп келген ерлі-зайыптыны бүгін «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

«Қуанбек пен Жайнаның бұл сапары – отансүйгіштік пен рухани байланыстың ерекше үлгісі. Ата-баба ізімен ат жалында жүріп, Елордаға жету — үлкен ерлік. Біз мұндай азаматтарды әрдайым қолдаймыз. Бұл сапар – Республика күні қарсаңында көңіл толқытқан ерекше оқиға болды», – дейді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.

Кездесу барысында партия өкілдері саяхатшыларға Астана қаласының дамуы мен елдегі жаңалықтар туралы айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.

«Біздің армандаған Астанамыз – дәл осындай еңселі, көркейген, рухы биік қала екен. Ата жұртқа, қазақ еліне деген сағыныш пен құрмет – бізді жол бойғы қиындықтарға мойытқан жоқ. Ең бастысы – туған елдің топырағына табан тигізіп, жүрекпен сезіну», – деп ағынан жарылды Қуанбек Түсіпханұлы.

Жайна Еркінқызы да Елорда тұрғындарына көрсеткен құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 2025 жылдың 8 тамызында Қытай Халық Республикасынан, нақтырақ айтқанда Тарбағатай аймағынан аттанып, екі айдан астам уақыт ішінде бірнеше өңірді артқа тастап, Елордаға жеткен. Бұл – қазақтың көшпелі мәдениетін жаңғыртып, ұлттық рухты дәріптеудің ерекше бір жолы.

Серіктес жаңалықтары