«Qaitadan»: апат жанрындағы тұңғыш отандық фильм көрерменге жол тартты
Фильмде адамдардың тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттері, ой салатын идея бар

Еліміздің барлық кинотеатрында әлеуметтік-драма жанрындағы Qaitadan фильмі жарыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фильмнің тұсаукесерінде мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов туындының ерекше жанрда түсірілгенін атап өтті.
Бұл фильмде Голливудқа тән «уақыт ілмегі» (day loop) мотиві қазақы болмыс пен өзекті әлеуметтік мәселелермен үйлесімді ұштасқан ерекше туынды ретінде көрінеді.
Оқиға ауыл маңындағы бөгеттің жарылуы төңірегінде өрбиді. Бөгеттегі үлкен сызат – бүкіл қазақ қоғамына арналған символдық ескерту іспетті. Ол кез келген ұсақ-түйектің қауіпсіздік пен жауапкершілік тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Қайтадан» фильмі қоғамды төтенше жағдайларға немқұрайлы қарамауға, ескерту белгілерін дер кезінде елемей қалмауға және бірлікте әрекет етуге шақырады.
Басты кейіпкер – қала баласы Рауан. Ол ҰБТ-дан сүрінген соң, ата-анасы сабақ болсын деп шалғай ауылға жіберіп қояды. Алайда тағдыр оған күтпеген сынақ дайындайды: Рауан бір күннің тұзағына түсіп қалады. Әр күннің соңында бөгет қирап, апат қайталана береді.
Кейіпкер уақыт ілмегінен шығу үшін тек өзін ғана емес, бүкіл ауылды құтқаруы керек екенін түсінеді.
«Фильмнің идеясы маған 2020 жылы келді. Сол жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында бір түсірілімде жүргенбіз. Сол ауылдың шетінде үлкен бөгетті көріп, «егер жарылып кетер болса, ауылдың түгі қалмайды ғой» деген ой келді. Ақыры осы идеяны дамыта келе, «Қайтаданның» сценарийін жазып шықтық», - дейді фильм режиссері және сценарий авторы Думан Еркімбек.
Оның айтуынша, фильмде адамдардың басына түскен сынақ, тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттер, ой салатын идея бар.
Көркем туындыда осындай айтпай келетін апаттардың алдын алу, оқиғаны болдырмау, себебі мен салдары сынды бағыттар қамтылған.
«Апат айтып келмейді. Осы фильм арқылы қандай да бір тосын жағдай болса, еліміздің әрбір азаматы қалай әрекет ету керек екенін көрсетуге тырыстық. Жалпақ тілмен айтар болсақ, бұл – есею туралы фильм. Фильм үшін жай ғана декорация емес, толыққанды ауыл тұрғызылды. Оған қоюшы суретшілеріміз бас-аяғы 3 ай уақытын сарп етті. Осы арқылы біздің мамандардың ауқымды ғана емес, өте креативті декорацияларды да жасай алатынын дәлелдедік деп ойлаймын. Эвакуация мен бөгеттің жарылу көріністерін түсіру оңай болған жоқ – оған 300-ден астам массовка, ондаған дрон және екі ірі түсірілім тобы тартылды. Жалпы, өте масштабты, техникалық тұрғыдан қиын жоба болғандықтан, әрбір түсірілім күні сынаққа толы болды. Әлбетте, бұл жұмыстарды атқару оңай болған жоқ. Дегенмен жұмыс тобының жобаға деген сенімі мен ауызбіршілігінің арқасында бәрін өткердік. Ең бастысы – көрерменге сапалы, ой саларлық терең туынды ұсынғымыз келді. Қалғанын халық бағалайды», - деп қорытындылады фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілді.
Бас рөлдерде отандық жас актерлер Жасұлан Көпберген, Ермек Шынболатов және Шұғыла Ешенова түскен.
Екінші планда Алмат Сақатовты, Ержан Нұрымбетовты және Әшім Ахметовті көруге болады.