$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әйелдің мәртебесін көрсеткен «құдағи жүзіктің» сыры неде және оны қайда таққан дұрыс

Оны екі отбасы құдандалы болғаннан кейін бір жыл өткенде таққан 

Әйелдің мәртебесін көрсеткен «құдағи жүзіктің» сыры неде және оны қайда таққан дұрыс
Фото: Azattyq Rýhy

Халқымыздың ежелден келе жатқан аса бай және көркем қолөнер түрлерінің бірі зергерлік өнер. Ол қазақтың мәдени коды, ұлттың дүниетанымы мен әлем туралы көзқарасының көрінісі. Шеберлердің алтын мен күмістен соққан түрлі сәндік бұйымдары салт-дәстүр, наным-сенімге тығыз байланысты болған. Зергерлік өнердің ішінде ерекше мағынаға ие әшекей – құдағи жүзік деп аталады. Ол көбіне құда түсу рәсімінде, не келін түсірер кезде сыйға беріледі. Қазақы танымда бұл жүзік – жай ғана әшекей емес, туыстық байланыстың символы. Құдағи жүзікті тағу арқылы әйел өзінің жаңа мәртебесін көрсеткен. Ол көбіне үлкен тойларда, салтанатты жиындарда тағылады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Құдағи жүзік күмістен жасалады, кейде алтынмен апталып, түрлі асыл тастармен безендіріледі. Оның бет жағы жалпақ, кең, екі саусаққа тағатын қос бауыры бар, айрықша көрінетіндей етіп жасалады. Бұл – құдағидың мәртебесі биік екенін білдіретін тұспал.

Жүзіктің бетіне көбіне қошқар мүйіз, гүл өрнегі, ирек толқын сияқты қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері салынады. Өрнектердің әрқайсысы терең мәнге ие: құт-береке, байлық, тоқшылық, ұрпақ жалғастығын білдіреді.

Қазақ салтында: «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық» деген сөз бар. Бұл нақыл құдалықтың тек уақытша емес, мәңгілік жалғасатын қатынас екенін білдіреді. Құдағи жүзік – сол қатынасты көрнекі түрде айқындайтын, қадір-қасиеті биік бұйым.

«Рулардың бір-бірімен сыйластығын білдіретін бұл жүзікті екі жас үйленгенде, қыздың анасы құдағиға ризашылығын білдіріп сыйға тартқан. «Қызымды өз ауылына сіңіріп, екі рулы елді бір шаңырақтың астына бауырластырып, ұйытып ұстап отырған құдағиым, сізге мың алғыс» деген ниеттің көрінісі». Ол бір жылдан кейін құдағиға тарту етілген», - деді Этнограф, қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы.

Этнограф сонымен қатар, әйелдер мен бойжеткендердің жүзіктеріндегі айырмашылық туралы мәлімет берді.

Айтуынша, қыз баланың басы бос, өз еркі өзінде екенін білдіретін құсмұрын жүзікті бойжеткендер таққан, ал әйелдер, аналар шаңырақ формалы, домалақ жүзіктер таққан. Оның көзін ақық, алмас, гәуһар, інжу, меруерт сияқты асыл тастармен көмкерген. Асыл тасты жүзік тіл-көзден сақтайды, жын-шайтаннан қорғайды деп сенген.

Әйелдердің жүзігі оның қоғамдағы орнын білдірген. Жүзік арқылы әйелдің жасы, тұрмыс құрып-құрмағаны, тіпті қай өңірден екені де белгілі болған.

Серіктес жаңалықтары