Мемлекет бөлген әр тиынның сұрауы бар – Балаева «Қазақфильм» алатын ақша жайлы
Киноны дамыту үшін бөлінетін қаражаттың кемі 30 пайызы «Қазақфильмге» бағытталады
![Мемлекет бөлген әр тиынның сұрауы бар – Балаева «Қазақфильм» алатын ақша жайлы](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/07/67a5c9c93bf2b889499126.jpeg)
Мемлекет кино саласына бөлетін әрбір тиыны үшін есеп сұрайды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа отырысында министр Аида Балаева осылай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр атап өткендей, президент қол қойған заңға сай, енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30 пайызы «Қазақфильмге» бағытталады.
«Бірақ, ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан, бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді», – деді Аида Балаева.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда 16 ұлттық фильм прокатқа шықса, 2025 жылы 14 жаңа кинотуынды жарық көреді деген болжам бар. Бұны да Аида Балаева хабарлады. Сондай-ақ, анимация саласына ерекше көңіл бөлініп отыр дейді ол.
«2025 жылы 10 анимациялық жоба жасалып, балаларға арналған қазақша мультфильмдер өндірісі артады. Телеарналардағы сериалдардың да сапасы артып келеді. 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 41 сериал түсірілген», - дейді Балаева.