«Qazaq»: шетелдегі қазақтар жайын баяндайтын фильмнің тұсаукесері өтті
Режиссер Қарлыға Хасен мен продюсер Танакөз Толқынқызының «Qazaq» деректі фильмінің тұсаукесері өтті
![«Qazaq»: шетелдегі қазақтар жайын баяндайтын фильмнің тұсаукесері өтті](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/06/67a4a8b388f12077115230.jpg)
Фильм 2024 жылы Германияда (Мюнхен, Нюрнберг, Дюссельдорф), Австрияда (Зальцбург), Түркияда (Стамбул, Салихлы) және Қазақстанда (Алматы, Астана, Ақтау қалаларында) түсірілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фильмнің алғашқы тұсаукесер рәсімі 2024 жылдың 6-8 қараша айында ҚР Сырткы Істер министрлігінің қолдауымен Германияның Мюньхен қаласында және Францияның Париж қаласында өткен еді. Кейін ол Австрия (Зальцбург) мен Түркияның (Стамбул, Салихлы) бірнеше қалаларында көрермен назарына ұсынылған.
Деректі фильмнің басты кейіпкері – Мюнхендегі «Қазақ қоғамының» дамуына зор үлес қосқан, Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Сүлеймен Шадқам.
«Бұл деректі фильм қазақ халқының басына түскен нәубет жылдары Маңғыстаудан Иранға жер ауған, сөйтіп Германияға табан тіреп тұрақтаған қаракөз қандастардың тағдырын баяндайды. Олардың ұрпақтары – шетелде дүниеге келіп, тағдырдың сан алуан қиындықтарын көрсе де ұлттық болмысын, менталитетін, қазақы құндылықтары мен танымын, күрескерлік қасиетін жоғалтпаған ұлтжанды азаматтар. Бұл – ұлттық болмысты сақтау жолындағы ізгілік пен мейірім, махаббат пен адалдық, берік ұстаным мен күрескерлік қасиет туралы фильм», дейді фильм авторлары.
Фильм премьерасына Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен, Испанияның Қазақстандағы елшісінің орынбасары әрі мәдени атташе Беатрис Муньос, дипломат Қайрат Сарыбай, Қанат Айтбай, Бауыржан Бабажанұлы, Елжан Біртанов, Тимур Спатай, Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Мирас Мұқаш, Алмаз Мырзахмет, Олжас Сүлейменов қатысты.
«Бұл фильм отбасылық құндылықтарды, ұлттық ерекшеліктерді насихаттайтын, жүректе ерекше жылы сезім оятатын фильм. Қазақ ұлтының бойынан бір байқағаным, олар Германияда да өзінің этникалық төл мәдениетін биік деңгейде насихаттап жүреді. Сол ерекшеліктерімен олар біздің ортақ мәдениетімізді байытады деп есептеймін. Фильді түсірген шыққан шығармашылық топқа, режиссеры Қарлыға Хасен мен продюсері Танакөз Толқынқызына алғыс айтамын», – деді Германияның елшісі Моника Иверсен.
Деректі фильмді көріп шыққан Қанат Айтбай, Қайрат Сарыбай, Аманжол Әлтай жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі. Фильм кейіпкері Сүлеймен Шадқам мырзаға Қажымұқан атамыздың жолын қуған белгілі спортшы Тимур Спатай темірден түйін түйіп, махаббат символын тарту етті. «Qazaq» деректі фильмінде Сүлеймен Шадқам жиынтық бейнесі арқылы Еуропада өмір сүретін көне қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, болмысы мен өмір сүру ғадеті баяндалады. Сүлеймен Шадқамның анасы тоқсанға қараған шағында Қазақстанды бір көріп кетуге келген сапарында өз ата мекенінде дүниеден озады. Бүкіл өмірін Қазақстаннан тысқары өткізуге мәжбүр болған кейуанаға туған жердің топырағы бұйырады. Фильм әлемнің ең көп тараған неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды.
Фильмнің Еуропадағы тұсаукесер рәсіміне ҚР Германияның Мюнхен қаласындағы бас консулы Денис Рогов, ҚР Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың кеңесшісі Нұржан Рахмет, ҚР халық артисі Айгүл Үлкенбаева, фильмнің режиссеры Қарлыға Хасен және продюсері Танакөз Толқынқызы, сондай-ақ, фильмнің басты кейіпкері Сүлеймен Шадқам қатысқан.