«Ақымақтық болды»: Ләйлә Сұлтанқызы әзілкеш Нұрболханмен соттасқанына өкінетінін айтты
Ол болмашы дүниеге соттасқанын жеткізді
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында өмірінде өкінетін дүниелер жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның бірі - әзілкеш Нұрболхан Шараповпен соттасу.
«Нұрболханмен бекер соттасыппын. Ол да эмоциямен, мен де эмоциямен кеттім. Өзіне де айттым. Кіші деп сен тоқтамадың, үлкенмін деп мен тоқтамадым дедім. Екеуміздің ақымақтығымыз да – осында. Елдің көзінше де, былай да қанша рет кешірім сұрады. Ол уақыт өте келе, болмашы дүние үшін қырықпышақ болғанымызды түсінді. Бұл жерде қытығыма тиді. Дәлелдегім келді», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, Ләйлә Сұлтанқызы жүргізген отандық бағдарламада көтерілген тақырыптың бірі жайдарманшының шамына тиіп, ол бағдарламаны қатаң сынға алған. Алайда бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы Нұрболханның бұл сынын орынсыз санап, оны жеке басыма тіл тигізді деп айыптап, сотқа берген.
Кейін жайдарманшы Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы дау аяқталған соң, сот шешімі бойынша тележүргізуші соттасуға кеткен 1 миллион теңгеден астам шығынды оған толықтай өтеп беруге міндеттелген.