Алматылық оқушылар Австралиядан жүлделі оралды
Олар робототехникадан өткен чемпионатта екі жүлдені жеңіп алды

Қазақстанның «Sana Team» құрамасы FIRST Tech Challenge категориясы бойынша Asia Pacific Open Championship халықаралық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, еліміздің атынан «Білім-инновация» лицейі мен Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушылары: Дарын Смайыл, Арнар Дәулетқұл, Әділ Тұрсынғали, Аббас Пахридин, Осман Акипбек, Асылхан Ыбырай, Ілияс Әшіралин, Алдияр Дәулетұлы, Жанайым Сабыржан, Ғазиза Кунгожина қатысты.
Жарысқа 11 елден барлығы 400-ге жуық бала қатысты. Финалдық кездесуде қазақстандық мектеп оқушылары БАӘ командасымен одақтасып, жеңіске жету үшін күресті. Екі күннің қорытындысы бойынша оқушылар екі марапатқа ие болды: Finalist Alliance Captain және «Motivate Award» номинациясында бірінші орын.
Чемпионатта жеңіске жету біздің оқушылар үшін әлемдік жетекші жоғары оқу орындарына грант алуға жол ашады.