Павлодарда екі ғасырдан астам уақыт сақталған домбыра көрмеге қойылды
Ұлттық аспаптар музейінің қорынан жеткізілген жәдігерлерден көрме өтті
Аспаптар Қосшы мәдениет үйінен әкелінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы мен «JEBE» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақмола облысы Қосшы қаласы мәдениет үйіне қарасты Ұлттық аспаптар музейінің қорынан жеткізілген жәдігерлерден көрме өтті.
Аталмыш көрмеге «Желбуаз», «Уілдек», «Тастауық», «Үскірік», «Құссайрауық», «Шыңырау», «Қоссаз», «Қосуілдек», «Тұлыпсырнай», «Керней», «Ұра», «Бұғышақ», «Жіліншік», «Шыңдабыл» сынды тағы басқа ұмыт болған ұлттық аспаптар қойылды.
«Өзге қалада алғаш рет көрме ұйымдастырып отырмыз. Жалпы біздің мұражайда 1600-ден астам аспап сақталған. Ұмыт қалған аспаптарды жаңғыртудамыз. Тіпті, кейбіреуі – атын естіп, затын көрмеген аспаптар. Бұл аспаптардың түпнұсқасы біздің мұражайда бар», – деді Қосшы қаласы мәдениет үйінің директоры Баянды Сахарияұлы.
Оның айтуынша, көрменің мақсаты – қазақи рухты ояту, өзіміздің гендік кодымызды қалыптастыру, ұмыт қалған асаптарды жаңғырту.
«Көрмеге қойылған аспаптардың ең көнесі – 222 жыл сақталған домбыра. Оның беттақтайы 1960 жылдары ауысқан. Одан бөлек жүз жылдық домбыралар бар және сыбызғының барлық түрлерін тамашалауға болады», – деді спикер.
Айта кету керек, бұл көрменің басты ерекшелігі – жәдігерлерді қолмен ұстап, ойнап көруге рұқсат етілген.