Соңғы он жылда «Абай» спектаклімен шымылдығын түріп жүрген театр ұжымы биылғы маусымашарды «Атилла мен Аэций» қойылымымен ашты
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы жаңа маусымның шымылдығын түрді. Бірнеше ай демалыс пен гострольдік сапарлардан кейін қасиетті сахнаға оралған өнер ұжымы көрермендерімен қайта қауышты. Биыл әкемтеатрдың 94- маусымы ресми түрде ашық деп жарияланды.
Театр маусымы көнекөздердің ізін жалғап, киелі сахнадан әлі де түспеген, театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстаның халық артисі, професор Есмұхан Обаев, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов, Қазақтың көрнекті қаламгері, драматург, Дулат Исабековтің ғимарат алдындағы Әуезов ескерткішіне тағзым етіп, ықылас гүлін қоюымен басталды.
Театр сүйер қауымға ғимараттың екінші қабатында жайылған «Абай ауылы», «Шәмші ауылы», «Мұқағали ауылы» әртістері өнер көрсетті. И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектаклінің әндерінен үзінді көрсеткен – Ерлан Біләл, Шынар Жанысбекова, Ғазиза Әбдінәбиева, Меруерт Омарбекова, Бақтияр Қожа, Айым Талғатқызы. Ал, Абай ауылында – Асанәлі Әшімов, Айдос Бектемір, Торғын Тасыбекова, Бекжан Тұрыс, Гүлшат Тұтова, Рашида Хаджиева, Шәмшәгүл Мендиярова, Рахилям Машурова болды.
Тетардың 94-маусымының ашылу салтанатында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған фотосуреттер көрмесі ұсынылды. Тамыры тереңге жайылған қазақ мәдениеті тарихынан сыр шертетін эксклюзивті фотокөрме. Оның авторы КСРО журналисттер одағының мүшесі, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері Қалиғұмар Қабдешев. Жасы сексенге келіп қалған фотографтың 3 мыңға жуық фотосуреті жарыққа шықпай, театрдың шаң басқан архивтерінде жатқан.
«Мен осы театрда 40 жыл фотограф болып еңбек еттім. Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев және қазіргі Асанәлі, Тұңғышбайларға дейінгі буынның әрбір қимылын қалт жібермедім. Әсіресе сахналық қойылымдар кезінде көп еңбектендім. Бірақ кейін Тұңғышбай Жаманқұлов театрға директор болып келгенде, мені түрлі себептермен жұмыстан шығарды. Ал жинап жүрген, құнды суреттерімді алып қалды. Бәрі шаң басып жатты. Айқындалмаған, жарыққа шықпаған негативтер саны 3 мың болатын. Бүгін міне алғаш рет мені мейман ретінде шақырып, фотокөрмемді ұйымдастырып жатыр. Алғыс айтамын», - деді фотограф.
Былтыр жаңа жыл қарсаңында Алматыда ірі көлік апатына ұшырап, бірнеше ай ес-түссіз жатқан актриса Айзада Сатыбалдиева бүгін театрға сол оқиғадан соң алғаш рет бас сұққан. «Мерседес Гелендваген» автокөлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, апаттан кино және театр артисі Шолпан Елгезекова, оның құрбысы және такси жүргізушісі өмірден өткен болатын. Ұзақ уақыт оңалу процесінен өткен өнер адамы сырласу бұрышында өнердегі құрбыларымен ән салды.
«Бұл ғажайып күн. Өнер сүйер қауым үшін үлкен мереке. Ғасырға жуық тарихы бар театрдың 94 маусымы құтты болсын. Өнердегі өмірдегі сыйлас құрбыларым бүгін қоймай шақырды. Бір ауыз өлең айтамын. Әйтпесе әлі де оңалту процесінен өтіп жатырмын. Ал сол бір өткен күндерді есіме алғым келмейді. Жаратқанға сансыз шүкір, маған тағы да өмір сыйлады. Өмірге қайта келгендеймін», - дейді театр актрисасы.
Аттила – Еділ қаған – батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.), әлемдік тарихта ерекше орны бар тұлға. Бұл тақырыпқа осымен екінші рет оралып, бұл жолы жаңа туынды – белгілі аттилатанушы, француз жазушысы Б.Тюргэннің тарихи драмасын сахналап отырған театр интерпретациясында Аттила басқыншы емес, керісінше, Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халықтарға азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, діни сенімдерді қадірлейтін дипломат.
Биылғы театр маусымында бұрынғы дәстүр өзгерген. Соңғы он жылда «Абай» спектаклімен ашылып жүрген маусымашарды театр ұжымы жаңа қойылыммен бастауды жөн көрген. Режиссер Алма Кәкішева «Атилла мен Аэций» қойылымына театрдың жастар буынын қатыстырған. Театр ұжымы осы туындыны алдағы жылы Еуропа елдерінде қоюды жоспарлап отыр.
Премьерада залдың алдыңғы қатарынан Халық артисі Роза Рымбаева, күйші Секен Тұрысбеков, композитор Алтынбек Қоразбаев көрінді
Театардың үлкен залында қойылым тамашалау үшін келген көрермендер арасынан Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әнші Мейрамбек Бесбаев жұбайымен отырды. Жүргенов атындағы өнер академиясының жаңа басшысы Ахан Әбдуалиев те мерекелік көңіл-күймен келген.
Театрдың 94-маусымының ресми ашылуы алдында театр ұжымы баспасөз конференциясын өткізіп, журналистерге жаңа маусымға жасалған жоспарлар, жаңалықтар мен өзгерістер жайлы ақпарат берді.
Журналистермен кездесуде Асанәлі Әшімов соңғы жылдары театр сынына қатысты ақпараттардың жұтаң екеніне назар аударды. Театрдың пропагандасының ішінде сыншылық өнер қазір қалмады. Талдау жасауда Қажығұмар Қуандықов, Әшірбек Сығайлардан кейін сындарды ести алмай жүрміз. Жақсы сын актерлерді ширатады, бұрын жазылған сараптамалық материалдармен санасуға тура келетін еді, дейді халық артисі.
Биылғы театр маусымында «Қобыланды», «Біржанның соңғы әні», «Қазақтар» тарихи драмасы, «Алмас қылыш», «Томирис» сияқты ұлт тарихын ұлықтайтын қойылымдар болады. Сонымен қатар қазіргі заманның өмірінен сыр шертетін «Жанқимақ», «Сергелдең болған серілер», «Тендерге түскен келіншек», «Ұлы мен ұры» спектаклдері көрерменге жол тартады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы