Анджелина Джоли бүгіннен бастап қазақша сөйлейді

Жарияланған:
17.10.2019, 12:06

Бүгіннен бастап қазақша дыбысталған «Малефисента: Түнек әміршісі» отбасылық картинасы қазақстандық көрерменге жол тартады

«Walt Disney»  киностудиясының тағы бір туындысы қазақша сөйледі. Бүгіннен бастап «Малефисента: Түнек әміршісі» отбасылық картинасы қазақстандық көрерменге жол тартады. Бұл - «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы ұсынып отырған 32-ші голливудтық туынды. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және Парламент депутаттары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жаңа фильмнің алдын ала көрсетілімі өтті. «Azattyq ruhy» редакциясы осы шараны фотолармен «сөйлетіп» көрді.

Режиссер Хоаким Роннингтің киносында басты рөлдерді Анджелина Джоли мен Эль Фаннинг сомдаған. «Малефисентаның» екінші картинасының оқиғасы арада бірнеше жыл өткен соң жалғасады. Сюжетте түнек перісі мен болашақ патшайым арасындағы күрделі қарым-қатынас, сиқырлы орманды қорғау ісіндегі жаңа одақтастар мен қарсыластар, онда өмір сүретін сиқырлы тіршілік иелері туралы айтылады.

Фильм кейіпкерлерінің образында киінген балалар қонақтарға ертегі атмосферасын сыйлады.


«Үлкен Манефисента» мен «кішкентай Манефисента» сиқыр көрсетіп, балаларды таң қалдырып жатыр.

Жұмыстан кейін балаларын киноға алып келген Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Омарбекова, Геннадий Шиповских, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Дубляждың бас демеушісі болған «Еуразиялық» Топ (ERG) компаниясы Қаржы басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Рахматуллаев:

«Фильмнің дыбысталуына көмектескенімізге қуанамыз. Себебі біз үшін де мемлекеттік тілдің рөлі зор. Бұған дейін «Арыстан патша» туындысын дубляждап, Ақтөбе, Ақсу, Павлодар, Рудный қалалалырындағы балалар үйі тәрбиеленушілеріне тегін көрсеттік»

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйледі. Ол да фильмді тамашалауға балаларын ала келіпті.

«1993 жылдан бастап Елбасының Жарлығымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның арқасында қарапайым отбасынан шыққан көптеген жасқа шет елдердегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасалды. Осындай ағылшын, неміс, француз және тағы да басқа тілдерді меңгерген жастар халқыңа қызмет етемін десең алдымен өз ана тіліңді біліп, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті бойға сіңіру керек екенін жақсы түсінді. Сондықтан да «Болашақ»-пен оқыған бір топ жастың басты мақсаты елге оралған соң әртүрлі салада қолымыздан келгенше елге қызмет ету болды. Бұл жоба осындай игі ойдан туды», - деді Бауыржан Байбек.

«Disney» фильмдерін дыбыстауға үнемі атсалысып жүрген елордалық театр актерлері.

«Walt Disney» жаңа туындысын Қазақстанда алғаш боп тамашалаған көрермендер.

Фильмде патша рөлін дыбыстаған актер Бекболат Құрманқожаев кастинг барысында бәсеке өте жоғары болғанын айтты. Шетелдік туындыларды аударғанда қазақ тіліне оғаш келіп қалатын тұстары бар екенін жоққа шығармайды. Ал байырғы сөздерді заманауи көрерменге түсінікті болу үшін қазіргі ауызекі тіркестерге ауыстыруға тура келеді. Б.Құрманқожаев бұған дейін «Маугли», «Арыстан патша», «Жұлдызды соғыстар» туындыларын дыбыстаған.

Қызық деректер:

- «Малефисента» мистикалық блокбастерінде (2014 ж.) жоба аясында Малефисентаның рөлін дыбыстауға айрықша құқықтар алынды - Джоли қазақстандық театр және кино актрисасы Гүлназ Әуесбайды өзінің кейіпкерін дыбыстауға жеке бекітті;

- Фильм кастингіне Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан 40-тан астам актерлер қатысты;

- Фильмнің шығуы «Ұйқыдағы ару» түпнұсқасының 60 жылдығына орайластырылған (1959);

- Ханшайым Аврораны бірінші бөлікте жас қыз түрінде бейнелейтін Вивьен Джоли-Питт, ол Анджелина Джоли мен Брэд Питттің қызы;

- Малефисента мейірімді болғанда, оның сиқыры алтын түстес, ал зұлым болғанда, жасыл болып өзгереді. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Фотоларды түсірген - Алиакпар Қадырбаев

Біздің ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біздің Telegram-каналдан оқыңыз
Өзге де қызықты мақалалар
Мұхтар Шаханов Алматыдағы Шәмші ескерткішіне көңілі толмай, қала әкіміне базынасын айтты
Шымкентте жыр жаттаудан жеңімпаз атанған оқушы 1 млн теңге жеңіп алды
Димаштың өнерін жарты күнде 120 млн адам көрген

Сұхбат
Ресейде 800-900 мың қазақ өмір сүріп жатыр деген мәлімет бар, кей дереккөзде 1,5 миллион деп жазылған
«Абайдың 45 сұрағына» Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап берді 
Абайдың 45 сұрағына алғаш болып жауап берген - Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов
Бүгінде Кореяда жұмыс істеп жатқан қазақтардың саны артып келеді. Күнкөріс қамымен шетел асып барғандардың көпшілігі визасыз жұмыс істеп жүр.