$ 494.87  520.65  4.91
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.04.2023, 08:39
Мәдениет

Бүгін – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

Қазақстанда ұлттық құндылық саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар

Бүгін – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні
Арыстанбаба кесенесі / Wikimedia

18 сәуірде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні атап өтіледі. Бұл күннің тәуелсіз еліміздің тарихында алар орны ерекше, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрікті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын.

Оның басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихимәдени құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

Қазақ даласында әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар екені белгілі. 2003 жылы осы аталған тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-сәулеттік кешені, Алматыға таяу Таңбалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны  қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» Конвенцияларды атауға болады.

Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарынан бастап, қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету – барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті.

Заңнамада археология, ансамбль, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондай-ақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган Мәдениет және спорт министрлігі.

Бүгінгі мереке аясында мәдени мұраны сақтау және қорғау бойынша түрлі конференция, басқа да іс-шаралар өткізіледі. Мысалы, кейбір мұражайлар мен көрме залдарына осы күні (сондай-ақ Халықаралық мұражайлар күнінде) тегін кіруге болады. Сондай-ақ келушілер қарапайым күндері жұртшылық үшін жабық болатын сәулет кешендері мен тарихи ғимараттарды аралай алады.

Дереккөз: БАҚ

Серіктес жаңалықтары