Қазақ әдебиетінің антологиясы әлемнің 6 тіліне аударылды
120 мың кітап әлемнің 23 мың кітапханасы мен ЖОО және ғылыми орталықтарына тарады
Алматыда қазақ антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды. Кітаптардың таныстырылымы бүгін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында өтті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кітаптар тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктері жайында сыр шертеді.
Кітап тұсукесеріне қатысқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетін дәл осылай кең көлемде әлемге тарату бұрын-соңды болмағанын айтты.
«Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Ол үшін ең алдымен, жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары, іргелі оқу орындары, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кембридж университетінің баспасы, араб тіліндегі басылымын Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақтарды Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияларды М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақтарды Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындады. Аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 300-ге жуық маман жұмылдырды.
Жоба аясында аударма ерекшелігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық авторлармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды.
Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енді. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келді. Мәселен, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсон алғыс хатын жолдады.