Шетелдегі қазақ студенттері #Abai175 челленджін жалғастырды

Автор: Azattyq Rýhy

Чехиядағы қазақ жастары қазақ, ағылшын және чех тілдерінде Абай шығармаларынан үзін оқып, Польша жастарына жолдады

фото: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

Биыл - қазақтың ұлы ақыны, ойшыл және гуманист Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кішкентай балдырған Ләйлім-Шырақтан Абайдың өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын қабыл алып, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін оқып берді.

Сондай-ақ Президент Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдап, #Abai175 челленджіне үн қосушылар көбейді. Тіпті, бұл челленжге әлемге мәшһүр актер Джеки Чан, ресейлік композитор Игорь Крутой секілді танымал адамдар атсалысып, эстафета халықаралық деңгейге көтерілді.

Былтыр басталған #Abai175 челленджі әлі де жалғасып жатыр. Эстафетаға Словакия, Чехияда білім алып жатқан қазақ студенттері үн қосып, әрі қарай жалғады. Бұл челленджге мұрындық болған Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы және оған қолдау білдірген Қазақстанның Словакия еліндегі төтенше және өкілетті елшісі Роман Василенко. Елшінің ұсынысымен сол мемлекетте (Словакия – ред.) оқып жүрген қазақ жастары Абай шығармаларын қазақ және словак тілдерінде оқып, эстафетаны әрі қарай Чехия жастары қабылдап алды. Чехиядағы «Тарлан» студенттік жастар ұйымының мүшелері Абай шығармаларын қазақ, ағылшын және чех тілдерінде үзінді оқып, ары қарай Польша жастарына жолдады.