Dior музасы: қазақ қызы Алла Ильчун туралы фильм түсірілді
Алматыда Алла Ильчун туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтті
Әлемдегі ең алғашқы азиат модель және тамыры қазақ Алла Ильчун туралы түсірілген фильмнің премьерасы 24 қаңтар күні Париждегі Қазақстан елшілігінде өткен. Ал, деректі фильмнің Қазақстандағы жабық көрсетілімі 10 ақпан күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында болды. Бұл туралы Forbes.kz жазды.
Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті, экономист Берлин Иришев былтыр «Dior музасы» деген кітап шығарған болатын. Онда модельдің отбасылық архивінен алынған фотосуреттер жинақталған. Сонымен қатар кітапқа Анна Ильчунның ұлының естеліктері, халықаралық өнертанушылардың «Алла феномені» туралы пікірі енген. Енді Алла туралы түсірілген деректі фильммен қазақстандықтар да танысты.
«Франциядағы қазақстандықтар ассоциациясының құрылғанына 10 жыл болды. Алланы қашаннан бері білетініме келер болсақ, мен оның суретін Монсо паркіндегі базардан көріп қалдым. Сатып алғаннан кейін ассоциация мүшелерін шақырып, суретті көрсеттім. Бұған дейін Кристиан Диордың моделі қазақ болғаны туралы Фейсбук парақшама жазған едім. Содан кейін біз Ильчунның тарихына қызыға бастадық», - деді Иришев.
Фильмнің режиссері – Айдар Баталов. Фильмге қажетті суреттер мен видеокадрларды жинаған Гүлнар Захарованың айтуынша, фильм үш бөлімнен тұрады.
«Бірінші бөлімі – архив. Онда әртүрлі мемлекеттерден бірнеше ай бойы жинаған құжаттар қамтылды. Мәліметтерді жинауға Dior сән үйі көмек көрсетті. Екінші бөлімде сән үйлері ұсынған кадрлар, фотолар мен Алла киген киімдер ұсынылған. Үшінші бөлім бұрын Алла туралы беймәлім болған ақпараттарды қамтиды», - дейді Гүлнар Захарова.
Фильм бюджеті 97 мың евро болған. Бұл қаражаттың көп бөлігі архивтен фото мен видеоларды сатып алуға кеткен. Ал Иришевтің айтуынша, Dior сән үйі фильм түсірген командаға алғыс ретінде Алла Ильчун киген киімдердің сән көрсетілімін ұйымдастыратынын айтқан.