$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада «Бір мүмкіндік» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Жобаға 35 жастан асқан, кәсіби сахнаға шыға алмай қалған талантты жандар қатысты

Елордада «Бір мүмкіндік» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Елордада Республика күніне орай «Бір мүмкіндік» республикалық әлеуметтік бағытталған өнер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жоба 2018 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жобаның мақсаты – 35 жастан асқан, шынайы талантты және халық ішінде өнерімен белгілі болып жүрсе де, кезінде кәсіби сахна төріне шыға алмай қалған азаматтарға тағы бір мүмкіндік беріп, өнерлі жандарды жікке бөлмей бағалау, мәдениет саласын және мәдени мұраны насихаттап, көзден таса қалған, көмескей ән-күйлерді дәріптеп, жаңғырту.

Жобаның авторы «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті Жүзбай Серік байқаудың шарттары мен ерекшеліктері туралы айтып берді.

«2016 жылы «Бір мүмкіндік» жобасын тележоба ретінде жазған едім. Кейін бір жылдай денсаулығым сыр беріп, жоба тоқтап қалды. 2018 жылы ойымды қайта жандандырып, Астана қаласының мәдениет басқармасына ұсындым. Ұсынысым жерде қалмай жобаны өткізетін болдық. Содан бері бұл іс-шара жыл сайын өтіп келеді. Той-жиындарда өз әнімен елді тәнті қылып жүрген аға-апаларымды көріп, «Неге осы кісілерді сахнаға шығармасқа?» деген ой келді. Осылайша, байқау жариялап, ішінен үздіктерін іріктедік.

«Бір мүмкіндік» жобасының негізгі ерекшелігі – көзден таса қалған ән-күйлерді дәріптеу. Сондай-ақ жобаның тағы бір артықшылығы 35 жастан асқан азаматтарға арналған. Байқау дәстүрлі, эстрадалық, аспаптық, авторлық номинация бойынша өткізіледі. Бүгінде жобаға қатысып, марапатқа ие болғандар саны 20 адамды құрап отыр. Әлеуметтік жоба болғандықтан байқауға ерекше қажеттілігі бар жандар да қатыса алады. Денсаулығына ешқандай шектеу қойылмайды. Олар толыққанды адамдармен иық тіресе өнер көрсете алады. Өзім ерекше қажеттілігі бар жан болғаннан соң, мұндай байқаулар біз секілді азаматтар үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін», - дейді «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті.

Жүзбай Серік дәрігерлердің салғырттығынан 2017 жылы қос жанарынан бірдей айырылған. Сол уақыттан бері ерекше жандарға арналған арнайы жоба, түрлі шаралар ұйымдастырып, көпке шабыт сыйлап келеді. Ол алдағы уақытта жобаны Қазақстанның барлық өңірінде өткізу жоспары бар екенін қоса айтты.

«Өмір әртүрлі сынақтан тұрады. Сондай сынақ менің басыма 2017 жылы түсті. Сол жылы көз жанарымнан айырылдым. Көздің күрделі ауруы - миопияға шалдықтым. Ота жасау барысында дәрігерлердің қателігінен екі көзім де ағып кетті. Тек кішкентай ғана саңылау бар. Оның өзі кейде жоғалып кетеді. Десе де, қанша қиналғаныммен, өзімді қолға алдым. «Мирас-А» қайырымдылық қорында қызмет істеп жүргеніме 11 жылдан асты. Өзім сияқты жандарды ынталандыру, қоғамға бейімдеу – менің басты мақсатым. Енді болашақта аталған жобаны еліміздің барлық аймағында өткізу ойымызда бар. Бәрі уақыттың еншісінде», - дейді ол.

«Мирас – А» қайырымдылық қоғамдық қоры ұйымдастырған марапаттау кеші 3 бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімінде отандық танымал суретші «Ақмола жұлдыздарының» көрмесінің жүлдегері Әсемгүл Жанахметованың шығармалары және «Балалар жылы» аясында шәкірттерінің салған суреттері көрмеге қойылды. Балаларға алғысхат пен түрлі сыйлық табысталды.

Екінші бөлім ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Сұлу әлем-2017» өнер көрмесінің бас жүлдегері, дизайнер, этнодизайнер Сұлушаш Сетей тіккен киімдердің сән көрсетілімімен жалғасты. Көрсетілімде кешегі қазақ аналарының образы көпшілікке ұсынылды.

«Алдымен жақындап қалған Республика күнімен құттықтаймын. Осындай іс-шараны ұйымдастырып отырған Астана қаласы әкімдігіне, мәдениет басқармасына үлкен алғыс айтамын. «Бір мүмкіндік» жобасына ұлы тұлға аналарымыздың түрлі образын өзім тігіп әкеліп отырмын. Қазақ аналарының киім үлгісін алып келген себебім, келешек ұрпақ нағыз қазақ әйелдерінің кейіпі қандай болғанын біліп жүрсін, ұмытпасын деген мақсат еді. Біз аналарымыздың қаншалықты мықты болғанын тарихтан білеміз. Атқа мініп, жауға шапқан, ел билігіне араласқан дана әйелдердің қатары өте көп. Ел ісіне араласса да, аналарымыз бала-шағасының тәрбиесін еш ұмытпаған. Осындай іскер аналарымыз бізге, бізден кейінгі жас ұрпаққа үлгі болуы керек», - дейді этнодизайнер.

Көрмеден кейін жеңімпаздар марапатталып, оларға қаржылай сыйлық табысталды.

«Бұған дейін біз бір жыл бойы ел ішінен талантты өнерпаздарды іздеп, оларды арнайы іріктеуден өткіздік. Жобаға қатысқан қатысушылар әр түрлі бағытта өз өнерін ортаға салды. Жеңімпаздардың сахнаға шығу арманын орындап қана қоймай, оларға ақшалай сыйлық та береміз. Сондықтан жоба туралы білмеген жандар болса, қатысу шарттары аса қиын емес. Тек өнерге деген махаббатыңыз, талантыңыз болса болғаны», - деді жобаға төрешілік еткен Ораш Маратқызы.

Шараның соңы жоба жеңімпаздарының көпшілікке арнаған концертімен аяқталды.

Серіктес жаңалықтары