«Алтын квадрат»: Қазақстан мен Өзбекстан туристік маршрут ашады

Автор: Azattyq Rýhy

Маршрутқа екі елдің заманауи және ежелгі қалалары кіреді

Фото: turkystan.kz

Қазақстан мен Өзбекстан «Алтын квадрат» атты бірлескен туристік маршрут құрады. Оған Алматы, Нұр-Сұлтан, Самарқанд, Түркістан, Хиуа сияқты заманауи және танымал ежелгі қалалар кіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «МИР 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Туристер екі мемлекеттің мәдениетімен, асханасымен, тарихымен танысып, киелі жерлерді аралайтын болады. Бағдарламада көрсетілгендей, туристік сапар орташа есеппен 5-7 күнге созылады.

«Барлық орындарды аралау міндетті емес. Бағдарлама бойынша кіші маршрутты да таңдауға болады. Жалпы, бұл туристік маршрут оқушылар мен балаларға қызықты болады деп ойлаймын. Бұл бұқаралық туризм болғандықтан, бағаны реттеу керек», - деді Өзбекстанның Қазақстандағы мәдениет және туризм елшісі Ләззат Аханова.

«Алтын квадрат» бойынша алғашқы туристік сапар наурыз айында басталады. Оған туроператорлар мен жұмыс тобы қатысып, тур бағасын белгілейді. Бұл маршрут жылына 20 млн турист қабылдайтын ресейлік «Алтын квадраттың» аналогы болмақ.