Бүгін – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы
Жазушының мерейтойы еліміздің әр өңірінде аталып өтіп жатыр

Қазақтың болмысын күллі әлемге «Абай жолы» романы арқылы танытқан жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы еліміздің әр өңірінде аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін Семей қаласында Шәкәрім университеті Абай облысы әкімдігімен бірлесе отырып заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп жатыр.
Ұлы тұлғаның мерейтойын кең көлемде атап өтуге арналған іс-шара бүгінгі ұрпақты рухани мұраларымен сусындатуға бағытталған. Халықаралық конференцияның жұмысына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов, отандық және шетелдік әуезовтанушы ғалымдар, педагогтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып отыр. Конференция аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №47 жалпы білім беретін орта мектептерде Шәкәрім университеті қазақ филологиясы жəне журналистика кафедрасының филиалын ашу да жоспарланған.
Бұдан өзге, Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 11 қазанда жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған театрдың 97-маусымының ашылуына байланысты «Қарагөз» трагедиясының премьерасы өтеді. Режиссері – Елік Нұрсұлтан.
Сондай-ақ 1-7 қарашада жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған VIII Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі өтеді. Шараның мақсаты – Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің театр өнері саласындағы ынтымақтастығы мен достық байланыстарын нығайту, қоғамды көрнекті жазушы және драматург, қоғам қайраткері М.Әуезовтің қызметімен және мұрасымен таныстыру, оның есімін мәңгі есте қалдыру әрі жазушының шығармаларын насихаттау.