«Өмір» фильмі Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Америкалық киноакадемия сыйлығына үміткерлердің тізімі 2023 жылғы 24 қаңтарда жарияланады

Режиссер Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі америкалық «Оскар» киноакадемиясының сыйлығына «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жаңа картинаның әлемдік премьерасы Торонто кинофестивалінің «Заманауи әлемдік кино» секциясында орын алды.

Фильм үш жыл бойы Алматы, Түркістан облысы, Ақтау және Таиландта түсірілді. Картина тағдырлары қиылысып, бір калейдоскопты құрайтын адамдардың арасында жүріп, түрлі оқиғалар тізбегіне тап болатын кейіпкер туралы баяндайды.

Басты рөлді Еркебұлан Тасынов сомдаған. Байғазиннің өзі жобада сценарий авторы, режиссер, оператор және продюсер болды.

«Бұл фильмнің идеясы маған он жыл бұрын алғашқы картинамды түсіруге дайындалып жатқанда келді. Кейіпкердің басына түскен қиындықтарға қарамастан, мен әрқашан бұл оқиғаны өмірге деген махаббатқа толы деп санайтынмын», - деді режиссер.

95-ші рет берілетін Америкалық киноакадемия сыйлығына үміткерлердің тізімі 2023 жылғы 24 қаңтарда жарияланады. Рәсімнің өзі 2023 жылғы 12 наурызда өтеді.