«Бір елдің атынан ғана шығамын» - Димаш Eurovision-ге Ресей атынан қатыспайтынын мәлімдеді
Димаш Құдайберген халықаралық аренада тек бір елдің, Қазақстанның атынан шыға алатынын айтты
Бүгін әлеуметтік желілерде «Димаш Құдайберген Eurovision байқауына Ресей атынан қатысушы үміткерлердің тізіміне енді» деген ақпарат тарады. Кейбір желі оқырмандары ақпараттың анық-қанығына жетпей, «неге өзге елдің атынан сынға түседі, оның отаны Қазақстан емес пе?» деп сын айта бастады. Алайда дереккөзі белгісіз ақпаратқа қатысты әншінің өзі жауап беріп, бұл байқауға тек қонақ ретінде қатысуы мүмкін екенін айтты.
«Құрметті достар, Евровидение байқауына Ресей атынан қатысу туралы көптеген хаттар келіп түсіп жатыр. Бұл байқауға мен тек қонақ ретінде шақырса ғана қатысуым мумкiн. Қатысушы ретінде байқауға қатыспаймын және керек деп санамаймын. Аса құрметпен жанкүйерлеріме айтарым, халықаралық аренада мен тек қана бір елдің атынан шыға аламын, ол менің Отаным - Қазақстан! Қолдауларыңыз бен ыстық ықыластарыңызға рақмет. Менің «Арнау» атты жеке концерттік турнемде кездескенше», - деп жазды әнші.