$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жошы ханның қызы»: Елордада Болған Ана жаңғыртпасының көрмесі өтті (ФОТО)

Ерекше жәдігерлер Болған Ана моласына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған

«Жошы ханның қызы»: Елордада Болған Ана жаңғыртпасының көрмесі өтті (ФОТО)

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орналасқан Болған ана кесенесінен бірқатар құнды жәдігерлер табылды және Болған ананың кейпі жаңғыртылды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қарағанды облысы әкімдігі ұйымдастырған көрме елордадағы Ұлттық музейде өтті. Мәдени шараның мақсаты – Алтын Орда дәуірінің тарихын кеңінен насихаттап, Қазақстандағы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер мен солардың негізінде жасалған жаңғыртпаларды көпшілікке таныстыру. Ұлытау ауданында орналасқан Болған Ана кесенесіне қазба жұмыстары 2018 жылы жүргізілген.

Болған деген Ана Кім?

Қазақ даласында дана аналарға арналған ескерткіштердің саны аз емес, солардың бірі – Болған ана кесенесі. Тарихта Болған Ана Шыңғыс ханның ұлы Жошының қызы немесе келіні деп айтылады. Бірақ, соңғы жылдардағы генетикалық сараптама нәтижесінде Жошы ханның қызы деген болжам  нақтыланған.

Болған Ана кесенесіне жүргізілген қазба жұмыстарына жетекшілік еткен Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының басшысы Айбар Қасенәлі зерттеу жұмысының барысын кеңінен айтып берді.

«Қазба жұмыстары 2018 жылы Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен, мәдениет басқармасының бастамасымен жүргізілді. Археологиялық қазба жұмыстары барысында Болған Ана кесенесінен Алтын Орда дәуіріне жататын жәдігерлер табылды. Оның ішінде: тостаған, әйел адамға тиесілі сырға және жібек матадан тігілген шапан бар. Одан басқа, ертоқым қалдығы, үзенгі және қару-жарақтардың қалдықтары табылды. Зерттеу жұмысы тек қазба жұмыстарымен шектелген жоқ. Зертханалық талдамалар жасалды. Мәселен, генетикалық сараптама Жапонияның ұлттық генетикалық орталығында атқарылды. Одан басқа, антропологиялық сарапатама жүргізілді. Бүгін көрмеге қойылған жәдігер – Болған Ананың жаңғыртпа бейнесі. Оның үстіндегі шапан Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Мұндай үлгі тек Қазақстанда ғана бар», - деді Айбар Қасенәлі.

Кесенеден табылған антропологиялық деректер негізінде Қазақстанда алғашқы гипперреалистік мүсін – Болған Ана мүсіні дайындалды. Оны елордалық мүсінші Айдос Есмағанбет жасады. Ал, шапан мен қосалқы жәдігерлерінің реконструкциясын археолог Татьяна Крупа дайындаған.

Болған Ана киімінің үлгісін жасаған Татьяна Крупа зерттеу нәтижесінде табылған шапанның матасы өте қымбат екенін, оны тек хан әулетінің лауазымды адамдары кигенін айтады.

«Украина елінің азаматымын. Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болды. Мен қалпына келтірген Болған Ана шапанының ұзындығы 4 метрді құрайды. Бұл сарайға арнап тігілген шапан. Шапан толығымен қолдан тігілді. Оған түрлі түстерді қосып рең бердік. Кесенеден табылған оған тиесілі әрбір киім ерекше тігілген әрі пішіні де өзгеше», - дейді Татьяна Крупа.

Ал, Болған Ананың қазіргі заманға сай гипперреалистік мүсінін жасаған Айдос Есмағанбетке мүсінді толық жасап шығу үшін бір жарым екі ай жеткілікті болған. Болған Ана мүсіні оның алғашқы ғылыми жұмысы екен.

Айта кетейік, 2018 жылы Тек Болған Ана кесені ғана емес, Ұлытау өңірінде орналасқан Алтын Орда уақытымен мерзімі келетін бірқатар ескерткішке зерттеу жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Жошы хан, Алаша хан, Аяққамыр кесенелері бар. Осы сынды зерттеу жұмыстары Қазақстанның басқа да өңірлерінде жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары