ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Алматылық биші Александр Ли әйгілі актер Джеки Чанның ролін сомдағысы келеді

Әлеуметтік желіде оны актердің сыңары дейтіндер көп

Фотоколлаж

Алматы тұрғыны Александр Лиді «қазақстандық Джеки Чан» деп атайтындар көп. Оның бет-әлпеті әйгілі актерге ұқсауы өз алдына, Саша голливудтық жұлдыздың кинодағы трюктарын да қаз-қалпында қайталай алады. Сонысымен де ол жуырда әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы бүкіл Қазақстанға танылды. Александр Azattyq Ruhy тілшісімен әңгімелесіп, Джеки Чанның өзімен кездескісі келетінін, даңқты актер туралы фильмде басты рольді сомдағысы келетінін айтып берді.

Александрды достары Саша деп атаса, кейбірі Джеки дейді. Әйгілі актерға пародия жасау идеясын да қасындағы жолдастары ұсынған. Өзін жаңа қырынан байқап көруге кеңес берген. Себебі оның ерекше дүниелерді жасауға бала кезден жаны жақын. Бүгінде Александр Джеки Чанның 10-ға жуық образына көшірме жасаған және бұл тек бастамасы дейді ол.

«Джеки Чанның кинодағы трюктарын қайталауды достарым ұсынған болатын. Менің бет-әлпетімнен әсіресе, күлгенімнен Джеки Чанға ұқсас белгілерді байқап, достарымның бірі «неге оған пародия жасамайсың, ерекше дүние шығаруыңа болады ғой» деді. Алғашында, аса мән берген жоқпын. Кейін, бірнеше уақыт өткен соң ойланып актердің кинодағы образынан кішігірім үзінді түсіріп жүрдім. Бірақ, аса көп қаралым жинамады. Десе де, қайталауды жалғастыра бердім. Өзіме ұнайтын.

Әзірге актердің аса қиын трюктарын жасаған жоқпын. Себебі оған үлкен дайындық керек. Қазіргі уақытта шамамен 10-ға жуық көшірме жасадым. Олардың ішіндегі ең қиыны және алғаш көп қаралым жинап, танылып кеткені – бір уақытта екі сағызды лақтырып, ауызбен бірінші біреуін кейін екіншісін қағып алу әдісі болды. Оны түсіруге 3 сағат уақытым кетті. Қолымнан келмейді деп ойладым. Себебі өте қиын болды. Бірақ, сәтті шыққанша жалықпастан қайталай бердім. Осылайша, әдістеніп алдым. Үш сағаттық еңбегімді оқырмандарым бағалап, жан-жақтан түрлі пікірлер жаза бастады», - дейді Александр.

Ол трюк жасау барысын толық баяндап берді. Айтуынша, күрделі тюктарды қайталауда кейбіреуі ойлағандай құпия әдістер қолданбайды. Бұл тек сабырлық пен төзімділіктің нәтижесі. Бір ерекшелігі, оның туындылары қарапайым телефонға түсіріледі және ешқандай әрлеуші эффектер қосымайды. Барлығы шынайы.

«Алдымен Джеки Чанның белгілі бір фильмін таңдап алып, толық қарап шығамын. Ішінен қызықты деген жерлерін өзіме сақтап алып, оны кейін қайталауға тырысамын. Негізінде қайталау барысында ешқандай құпия әдістер қолданбаймын. Мұның барлығы сабырлық пен төзімділікке байланысты. Себебі, Джеки Чанның өзі оның трюктарын кез-келген адам жасай алатынын айтқан болатын. Барлығын дұрыс орындамайынша қайталай беру керек. Алған беттен қайтпай табандылық таныта білсеңіз, үйреніп алуға болады. Бұл шынайы жасалған трюктар және оны әрбір адам қайталай алады», - дейді ол.

Сәтті кадр жасау үшін оған кем дегенде 120 дубль керек. Көшіріліп жасалатын әр образ толығымен зерттеліп, дайындықтан өтеді. Актер аса қауіпті трюктарды жасамағандықтан күрделі жарақат алмайтынын айтады.

«Қайталау барысында қауіпті жарақат алған жоқпын. Тек қаламсаптың көзге тиіп кетуі, басыма ағаш тигені болмаса, барлығы қауіпсіз жасалады. Бір трюкті қайталауға орташа есептегенде 120 дубль кетеді. Кей кездері 50-30 дубльдан кейін сәтті кадр шығады. Іс-қимылдың қалай жасалғанын түсіну, соған сай әрекет ету, қайталау сәттері – мұның бәріне біршама уақыт қажет. Трюктарды толық орындап шығу үшін 2 немесе үш сағат кетеді», - дейді ол.

Александр Ли кім?

Әлеуметтік желіде Джеки Чанның сыңары атанып кеткен Александрдың кәсіби биші екенін бірі білсе, өзгелері біле бермейді. Ол ресейлік «Танцы 5» және «Биле Қазақстан» жобаларының финалисті, кәсіби хореограф. Өзінің жеке би студиясы бар. Сондай-ақ, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Айтуынша, төбелеске негізделген трюктарға спорт көп көмегін тигізеді. Ал, мінсіз икемділік оған биден келген.

«Мен кәсіби бишімін. Сахналық қойылымдарда өнер көрсетемін, көптеген клипке түскенмін. Өзімнің студиямда балаларға, студенттерге тіпті үлкен кісілерге дейін сабақ беремін. Жақында алғаш рет қазақстандық «Дос Мұқасан» фильміне түстім. Маған өте ұнады. Алдағы уақытта өзімді осы салада сынып көрсем деп жоспарлап отырмын.

Бұдан бөлек, барабанда ойнаймын және тай боксымен айналысамын. Бұл трюктарды қайталау барысында көп көмектеседі. Акробатикалық дайындық, пластиканы биден алғанмын. Жалпы, өмірімдегі көп жағымды жайттар осы бидің арқасында келді», - дейді Александр Ли.

«Джеки Чанның жастық шағын сомдағым келеді...»

Ол өзінің жасаған дүниелеріне осынша халық назары ауады деп ойламағанын айтады. Бұған дейін түрлі видеолар түсіріп жүрген Саша Джеки Чанды қайталау арқылы оқырмандардың балалық шағына саяхат жасағандай болдым дейді. Сондай-ақ, ол актермен кездесуді армандайтынын, тіпті оның жас кезін сомдағысы келтінін айтты.

«Шынымды айтсам Джеки Чанның трюктарын қайталау арқылы халық назарын өзіме аударамын деп ойлаған жоқпын. Мен бұған дейін де түрлі видеороликтер түсіріп жүрдім. Бірақ олар көп қаналым жинамайтын. Аталған видеоларыммен халықтың есіне бала күндегі естеліктерін түсіргендей болдым. Себебі, бәріміз Джеки Чанның киносын көріп, соған еліктеп өстік.

Актермен кездесіп, ортақ видео түсіргім келеді. Оның жас кезін ойнау менің арманым. Егер сондай мүмкіндік туа қалса қатты қуанар едім. Жалпы, Қытайдың өзін немесе көптеген азияттықтарды алып қарасаңыз, Джеки Чанға ұқсайтын адамдар өте көп. Сондықтан менің бет әлпетімдегі ұқасатық оны таңғалдырады деп ойлаймын. Оның көзіне түсу үшін оның іс-қимылын да айнытпай жасауым қажет.

Ұқсау дегенде дәл Джеки Чанның көшірмесі болғым келмейді. Оның бойындағы батылдық, табандылық сияқты қасиеттеріне таң қаламын және сол белгілер менде де бойымда болса екен деймін. Көшірмелерді түсіру барысында өз тарапымнан белгілі әдістерімді қосамын. Жасаған дүниемде оның да, өзімнің де әдістерім болса деймін. Алдағы уақытта жаңа қиын образдарды орындауы жоспарлап отырмын. Бәрі өз уақытымен болады», - дейді Александр Ли.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Тегтер: