«Ханға лайық ескерткіш емес»: Хан Кененің ұрпағы тұрғындардың уәжіне жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақтың соңғы ханының ұрпақтары Жамбыл облысы Меркі ауданында тұрады

Жамбыл облысы, Меркі ауданында Кенесары Қасымұлының жетінші ұрпақтары өткенге тағзым, келер ұрпақ үшін аманат ретінде қазақтың соңғы ханы болған бабаларының құрметіне арнап, 2018 жылы ескерткіш орнату жұмыстарына кіріседі.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автоможолының дәл бойында орналасқан бұл ескерткіштің жалпы ұзындығы – 7 метр, ал ханның бейнесі – 2 метр. Бір қызығы, жергілікті тұрғындардың он соттық жер бөліп, қаражат жинап, тарихи тұлғаның рухына тағзым еттік деп отырған хан ұрпақтарының жұмысына көңілі толмайды.

«Заманымыздың азғанын түсіндім. Дұрыс ақпарат таратылып жатқан жоқ. Алғаш рет ескерткіш орнатамыз деген шешімді айтқанымызда, 2018 жылдан бері бірде-бір ауыл тұрғыны қарсы болған жоқ. Ал бейнесюжетте қарсы сөз айтып тұрған 2 жігітті көрдім. Олар кім? Қайда тұрады өзі? Біз оларды танымаймыз. Кенесары аруағының жағасына жармасқаны дұрыс болмады», - дейді ханның ұрпағы Аманбай Бексұлтанов.

Ақсақалдың айтуынша, 40-50 адам бірігіп, 8 млн қаражат жинаған. Сол ақшаға алматылық мүсінші, кәсіби маман Еркін есімді зейнеткер Кенесары ханның бейнесін таспен қалапты. Ескерткіш үшін жер бөлген ханның тағы бір ұрпағы - кәсіпкер Мұрат Арықбаев екен.

«Мен мемлекет емеспін, қарапайым қазақтың жетпіске келген ақсақалымын. Шамам неге жетті, соны болашақ ұрпақ үшін жасадым. Біреу жүз метр етіп, біреу бір метр етіп көтеретін шығар. Қарсы пікір айтып тұрған жігіт мықты болса, неге өзі келіп маған айтпады? Неге көмегін бермеді? Біреу айт деді, соны айтты. Өзі сол ескерткішті көзбен көрмеген де болар. Бұл не мазақ?» - дейді Аманбай ақсақал.

БАҚ-қа пікір білдірген облыс тұрғындары ескерткіш ханның тұлғасына лайықты емес деп санайды. 

«Ханға лайықты деңгейдегі ескерткіш қойылсын деп есептеймін. Қарсы петиция жасалып жатса, мен қолымды қоямын. Мен бұл ескерткішті қорлау деп санаймын. Кенесарының басы өзі денесінен ажыратылған ғой, енді ол қалмай, ескерткіштің дәл осылай салынғаны қорлау», - деп пікір білдірген, облыс тұрғыны Жомарт Есқара.

Жалғас Орынбасар тұрғын «Мазақ деп санаймын. Ескерткіштің бойы аласа. Екіншіден, суреттерде берілетін Кенесарының сұлбасына мүлдем ұқсамайды», дегенді айтады.

Ал Аманбай мырза облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан жиналыста да ескерткіш мәселесі көтерілгенін айтты.

«Ол кісі «тұрғызамыз» деді, болды. Сапарбаевқа рахмет. Оның орынбасары болған Жылқыбаев қазір Тараз қаласының әкімі болып отыр. Вице-министр Дәуешовке осы ескерткішке қолдау көрсетіңіз деп хат та жолдады. «Қолдау көрсетіледі» деген жауап келді», - дейді Аманбай ақсақал.

Меркі ауданы әкімдігі мен ақсақалдар арасында ескерткішті қайта көтеру мәселесі бірнеше рет талқыланыпты. Мына суреттегі ханның жаңа ескерткішін орнату туралы ортақ шешімге келген.

Алайда, мемлекет тарапынан қаражат бөлу қарастырылмағандықтан, жаңа ескерткіштің қашан ашылатыны, Аманбай ақсақал бастаған бір топ ұрпақ салған қазіргі ескерткіштің болашағы не болатыны белгісіз.

«Ескерткіш орнында тұр. Оны ешкім алып тастаған жоқ. Менің мүсіншінің жұмысына баға беруге хақым жоқ. Өйткені, ол кәсіби маман. Бірақ, Кенесарының аруағының жағасына жармасып жатқан адамдарды көргенде, өкпелеуге дейін жеттім. Кенесарыны біз саттық, бұл рас, оны біз мойындауымыз керек. Енді оның рухына тиіспейік», - дейді Аманбай қария.

Еске салайық, сәуір айында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының директоры Зиябек Қабылдинов қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегін елге жеткіземін деп сүйіншіледі. Алайда, тарихшы-ғалым арада көп уақыт өтпей жатып Facebook-тегі жазбасын өшіріп тастады. Кейін ғалым бұл мәселенің әлі де толық шешілмегенін және өзі де асығыс мәлімдеме жасап қойғанын мойындады.

2016 жылдың қазанында Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.

Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан