$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2021, 12:50
Мәдениет

«Мәдениет министрлігі ақша бермейді». Қастеев музейінің ұжымы іргелес үйлердің тұрғындарынан көмек сұрады

Музей ғимараты жөндеу жұмыстарын қажет етеді

«Мәдениет министрлігі ақша бермейді». Қастеев музейінің ұжымы іргелес үйлердің тұрғындарынан көмек сұрады

Қазақ қолданбалы өнерінің бай топтамасы сақтаулы тұрған Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы әбден тозған. 22 мыңнан астам кескіндеме, графика және қазақ халқының ғана емес, әлемдік деңгейдегі құнды өнер туындылары қойылған ғимаратты ұстап тұру қиынға соғып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне мұражай директоры айтып берді.

«Бізді алаңдататын мәселе жаз шығып, маусым айы басталғанда туындайды», дейді музейге жақын орналасқан Central Esentai Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындары. Мұражай аумағынан естілетін қатты гуіл мен шулы дыбыс тұрғындардың мазасын қашырады екен.

«Мұражай ғимаратын қалыпты температурада ұстап тұру үшін бес ай бойы үздіксіз істейтін кондиционер жүйесі адамдардың жүйкесіне кері әсер етіп жатыр. Қондырғының қозғаушы құрылғылары таңнан бастап іске қосылады. Сағат 7:30 шамасында пәтерді желдету үшін терезелерді ашуға мәжбүрміз. Алайда, шуылдан пәтер ішінде бір-бірімізді естімейміз. Қазір онлайн тәртібінде үйде жұмыс істеуге мәжбүрміз. Балалар жазғы демалысына шығып, ұйықтағысы келеді. Бірақ, қатты шығатын дыбыстан оған мүмкіндік жоқ. Психикалық тұрғыдан да ауыртпашылық салып отырғанын айтқым келеді. Бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Музей қызметкерлері де осыны айтып отырған көрінеді. Қазір түрлі заманауи қондырғылар бар. Кеңес заманынан қалған жүйені ауыстыратын кез келген шығар. Біз тиісті органдардан және музей әкімшлігінен осыны талап етеміз», - дейді жергілікті тұрғын Әсел Төлегенова.

Фото. Дыбыс қатты шығатын қондырғы

Чиллер – өндіріс ошақтарындағы ауаны баптап, белгілі бір температурада ұстап тұру үшін қойылған қондырғы. Бес жүз отбасы қоныстанған тұрғын үй кешенінің тұрғындары Алматы қалалық санитарлық эпидемиологиялық басқармасына хат жазып, аталған қондырғылардың адам денсаулығына зияндылығын тексеруді сұраған. Ал Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының әкімшілігі тұрғындар шағымына жауап беріп, мәселе бар екенін растады. Музей басшысы Гүлмира Шалабаева бұл жағдайды шешуге мекеменің шамасы жетпейтінін айтты.

«Жағымсыз дыбысты азайту үшін қырауар қаражат керек. Оның айтуынша, Кеңес заманында салынған ғимаратты желдету үшін Қытайда жасалған бұл қондырғылар 2008 жылы алдырылған. Өте шулы.    

Біз де біреуге бағыныштымыз. Біздің хатымызға жоғарыдан жауап болмауы да мүмкін. Егер халық айтса, реакция болады. Бізде «еститін үкімет» деген қағида бар. Сондықтан шағымхатты тұрғындар өздері жазсын. Егер олар (Үкімет, мәдениет және спорт министрлігі- ред.) бізге сұрау хат жіберсе, өз тарапымыздан осы мәселенің бар екенін растаймыз. Осы бағытқа тиісті қаражат бөлінсе, біз тек қуанамыз. Ал ғимаратты қайтадан ашып, бүкіл жүйені ауыстыру мүмкін емес. Ол музейді қайта салғанмен бірдей.

Ал жаңа дыбыссыз тоңазытқыш құрылғыларын ауыстыруға болады. Ол үшін жақын маңдағы тұрғын үйдің тұрғындары хат жазуы керек. Үкімет халық сөзіне назар аударатыны сөзсіз. Мен көп жылдан бері осында жұмыс істеймін. Министрлікке хат түссе, бізге хабарласып, мән-жайды анықтайды. Сол кезде біз айтамыз: иә, чиллерлер (тоңазытатын қондырғылар) тозған. Олар қатты дыбыс шығарады. Оны дыбысы аз, заманауи қондырғыға айырбастау керек деп айтамыз», - дейді музей директоры Гүлмира Шалабаева.

Фото. Мұражай әкімшілігі

Өнер ордасының әкімшілігі ғимарат ішін +18 градуста ұстап тұру үшін қажетті қондырғыны жаңалауға мүдделі. Бірақ ол қыруар қаражатты талап етеді. Музей ғимаратындағы жәдігерлерді сақтау үшін мұндай қондырғының кем дегенде екеуі қажет. Әрқайсының құны - 40 млн теңге. Музей директоры мемлекет деңгейінде қаржы бөлінсе, мәселені шешуге болатынын айтты.

Фотосуреттер: музей ұжымы мен музей басшысы

Музей басшысы соңғы жылдары мекемедегі топтамаларды жаңалау, ғимаратты қайта жаңғырту, тіпті ағымдағы құрылыс жұмыстарына да қаражат бөлінбей отырғанын айтады. Ұжымдағылар тиісті министрлікке жылына бірнеше рет хат жазып, күн жауғанда шатырдан су ағатынын айтады.

«Ғимараттың жабындысын ауыстыру үшін 56 млн теңге қаржы керек. Біздің елде мәдениет саласына қалған қаржыны бөледі, екінші сорт деп қарайды. Біз картина сатып алуға да қаражат алмайтын болдық. Бірақ бұл міндетті. Тіпті, Парламент деңгейінде айтылды. Музейлерге экспонаттар сатып алып, жаңартып отыру керек. 2015 жылдан бері бір тиын да бөлінбеді.

7 жылдан бері музейдің шатырынан су ағып тұр. Жаңбыр қатты жауса, ғимарат шатырының әр тұсынан су тамшылайды. Мәдениет және спорт министрлігінен қаражат бөліп, Қастеев мұражайының шатырын жамап беруді жылына екі рет сұраймыз. Бізде билет құны - 500 теңге. Өзімізде жөндеп мүмкіндік жоқ. Кейде демеушілер табуға тырысамыз. Мысалы ғимаратты суытатын чиллерді жөндеуге Ұлттық банк көмектесті. Себебі біз оларға коллекциялық монеталар топтамасын шығарып бердік», - дейді Гүлмира Кенжеболатқызы.

Редакциядан: Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі аталған мәселеге орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан ресми жауап күтеді. Қазақ ұлттық қолданбалы өнерінің мол мұрасы сақталған өнер ордасының шаруашылық мәселесіне немқұрайлы қарамауды, ғимараттың күрделі жөндеуі мен өнер ордасына жақын орналасқан тұрғын үйлердің шағымына назар аударуды сұрайды. Мыңдаған адамның денсаулығына зиянды тоңазыту қондырғыларын жаңа заман талаптарына сай жарақтандыру қажет екенін ескертеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары