$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.09.2019, 17:37
Мәдениет

Түрік режиссері түсіріп жатқан фильм қиялдан туған ертегідей - С.Елубай

«Қасым хан» фильмін түсіруге қатысты жазушы, драматург Смағұл Елубайдың сыны ескеріліп, сценариймен танысуға мүмкіндік берілген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне қаламгердің өзі айтып берді. 

Түрік режиссері түсіріп жатқан фильм қиялдан туған ертегідей - С.Елубай
Фото: egemen.kz

Естеріңізде болса, бұған дейін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жазушы еліміздің Мәдениет және спорт министріне ашық хат жолдап, фильмнің сценариін дереу киностудияның Эксперттер кеңесінің талқысына салуды сұраған еді. Ол түрік режиссері Метин Гюнай 75 сериялық сценарий бойынша Оңтүстік Қазақстанда фильм түсіруге кіріскен деп мәлімдеді. 

«Кеше менің мақалам шыққаннан кейін, қолыма сценарий келіп түсті. Ол 110 беттен тұрады екен. Біреулер электрондық адресіме жіберді. Метин Гюнай түсіретін фильмнің сценариі деген соң оқып шықтым. Бұл өте шалағай, қиялдан туған ертегі сияқты. Үлкен бір драматургиялық сюжет те жоқ ішінде. Көп мылжың сөзден тұратын «мыльная опера» сияқты. Көптеген тарихи деректер де бұрмаланған. Яғни тарихты білмейтіні көрініп тұр. Бұны оқыған соң, өзімнің кешегі  күдігім 100 пайыз расталды. Сол пікірімді министрге де бүгін айттым. Бұлай болмайды, бұл бәрімізді ұятқа қалдыратын нәрсе дедім»,- дейді жазушы.

Жазушының айтуынша, оның әлеуметтік желідегі жазбасынан соң сценарийді  мәдениет, тарих және кинодағы тұлғалар да оқып жатқаны белгілі болды. Олар жақын күндері өз пікірлерін айтады. Соны ақпарат ретінде жан-жаққа таратады деп ойлаймын. Сол адамдардың пікірі шешуші болуы тиіс, дейді С.Елубай.

«Мен бір адаммын. Олар ұжымдық пікірді айтады. Оның ішінде кімдер бар екенін айтпаймын. Сол 110 беттік сценарий  2 сериалдың материалы екен. Содан-ақ көрініп тұр, тарихтың бұрмаланғаны. Ол менің бастапқы сценариіме мазмұны жағынан мүлдем келмейді. Ал 11 млрд теңге бөлінгені рас, оның 700 млн теңгесі шашылып үлгерген. Тиісті басшыларға мәселе тереңдемей тұрғанда, осы кезде талқылау болғаны дұрыс деп айттым»,- деп сөзін түйіндеді танымал қаламгер.

Оқи отырыңыз: «Қасым хан» туралы фильмнің сценарийін ұрлап, 11 млрд теңгеге кино түсіріп жатқан кім?

Смағұл Абатұлы Елубай «Батыр Баян» (1992), «Кек» (2004), «Аңшы бала» (2012), «Алмас қылыш» (2016), «Қазақ хандығы» телесериалы (2016), «Алтын тақ» (2019) сияқты бірнеше тарихи тақырыптық кинолардың сценарий авторы. «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет еткен. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері.

 Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары