Димаштың жаңа әні музыкалық платформаларда жарияланды

Жаңа тректің жарыққа шығатынын бұған дейін әншінің өзі де хабарлаған болатын

 

Димаштың жаңа әні музыкалық платформаларда жарияланды

2 сәуірде барлық сандық музыкалық платформаларда Димаш Құдайбергеннің «Be With Me» композициясының студиялық нұсқасы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Dimash Digital Show» онлайн-концертінде алғаш рет шырқалған әннің қалай жасалғаны туралы айтылды.

Жаңа тректің жарыққа шығатыны жайында бұған дейін Instagram-парақшасында әншінің өзі де хабарлаған болатын.

«Құрметті достар, жақын арада, нақтырақ айтқанда 2 сәуірде барлық цифрлық платформаларда орналасқан Dimash Qudaibergen атты ресми аккаунттан менің «Dimash Digital Show» алғашқы онлайн-концертімде орындалған «Be With Me» атты әнімді тыңдай аласыздар», - деген әнші жанкүйерлеріне қолдау білдіргені үшін алғыс айтқан еді.     

Dimashnews порталының мәліметінше, «Be With Me» әнінің аранжировка идеясын Димаштың өзі ойлап тауыпты.

Димаш әндерінің тұрақты өңдеушісі, саунд-продюсер Ерлан Бекшурин деможазбаның мәнерін өзгертіп, бастапқы құрылымы мен бас әуенін сақтай отырып, қосымша ырғақтар қосыпты. Осыдан кейін ол Әділжан Толықпаевты шақырып, домбыра партиясын қайта жазып шыққан. Бұл тандемге композитор Ренат Гайсин қосылып, клавинет пен үрмелі аспаптар партиясын кіргізген. Мәскеулік музыкант Марсель Хакимов бас партиясын қайта жазып шығады.

«Менің ойымша, бәрімізді Майкл Джексон, Квинси Джонс және Стиви Уандердің жұмыстары шабыттандырды», – деп Ерлан Бекшурин аранжировка жұмыстарының барысындағы ойымен бөлісті.

Димаштың дауысын дыбыс режиссері Дастан Мерғалиев жазған. Ал ақтық жазба кезінде Димашқа БЭК-вокалистер Расул Усманов, Джордан Аракелян, Зарина Божакова қосылған. Осынша еңбектің бәрін Ерлан Бекшурин DimashAli студиясында «пісіріп», толыққанды трекке айналдырған.

Саунд-продюсердің айтуынша, ән мәтінін Джордан Аракелян мен Дәурен Шамұратов жазған. Джордан негізгі ағылшынша мәтінде жазса, Дәурен қазақша рэп мәтінін шығарған.

Алғаш рет «Be With Me» композициясы «Dimash Digital Show» онлайн-концертінің финалында орындалды.  

«Be With Me» әнінің көптен күткен студиялық нұсқасын Spotify, Boom, iTunes, YouTube Music, Yandex және басқа да музыкалық цифрлық платформалардан көруге болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.