Бірқатар депутаттар Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады
Қазақстанда 7100 мектепте 3 миллионнан астам оқушы білім алып жатыр. Алайда, қазақ тілінде бір ғана «Балапан» телеарнасы, санаулы ғана газет-журнал бар. Мәжіліс депутаттары «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята» және «Ұлан» газеттерін «Қазақ газеттері» бірыңғай брендіне біріктіру қисынсыз шешім деп санайды.
Премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдаған Мақпал Тәжмағамбетова, Дархан Мыңбай және Жұлдыз Сүлейменова сынды депутаттат жаңа әліпбиге көшу жағдайында бұл шешім педагогтер және ата-аналармен талқыланбай қабылданғанын айтты.
«Жасөспірімдердің дүниетанымын қалыптастыратын негізгі механизм - баспасөз бен кітап. Осыған орай бізді алаңдатқан жай бар. Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 7 қарашадағы қаулысына сәйкес, барлық мемлекеттік баспа басылымдарын «Қазақ газеттері» бірыңғай брендімен біріктіру жоспарлануда. Мұның ішінде, «Балдырған», «Ақжелкен» журналдары, «Дружные ребята» және «Ұлан» газеттері бар. Біріктіру жұмыстары ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында аяқталады. Біз басқа басылымдардың біріктірілуін түсіністікпен қабылдаймыз. Алайда, жасөспірімдер мен балалар басылымдарын біріктіруге түбегейлі қарсымыз», - дейді Мақпал Тәжмағамбетова.
Депутаттардың пікірінше, аталған басылымдар заман ағымы мен уақыттың талабына сай, балалар мен жасөспірімдерге мамандық таңдау, кәсіппен айналысу, балаларға психологиялық қолдау көрсету, ақпараттық технологиялар мен инновацияның маңызы туралы, осы салада қызмет етіп жүрген озық ойлы жастарды насихаттайды. Google, Facebook, Bоoking.com, Amazon секілді әлемге әйгілі компанияларда, кремний алқабында қызмет етіп жатқан қазақ жастарымен таныстырып отырады.
«Бүгінде «Ұлан» газеті аптасына бір рет (5000 тираж), «Ақжелкен» журналы айына бір рет (3000), «Балдырған» журналы айына бір рет (7000), «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет (3000) шығады. Осы төрт басылымға кететін жылдық шығын көлемі 134 млн теңгені құрайды екен. Жастайынан сауат ашуға, мемлекеттік тілді оқып-үйренуге септесетін тәрбие құралы – балалар басылымдары үшін бұл көп қаражат емес деп ойлаймыз», - деп санайды Мәжіліс депутаттары.
Мақпал Тәжмағамбетова мемлекеттік мінбелерде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту туралы мәселені іске асыратын уақыт жеткенін айтты.
«Біріншіден, балалар басылымдарын бірыңғай брендпен біріктіруді тоқтатуыңызды сұраймыз. Екіншіден, балалар баспасөзін балаларға арналған теле-радио арналарын дамытуға, жаңғыртуға қосымша жаңа мүмкіндіктер қарастыру қажет. Үшіншіден, еліміздегі барлық оқу орындары, мектепалды мекемелер, мектептер, жекеменшік оқыту орталықтары мен кітапханаларда балалар басылымдарының міндетті түрде қолжетімді болуын қамтамасыз етілуін қадағалауыңызды сұраймыз», - деп қорытындылады Мақпал Тәжмағамбетова.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан