Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың кітаптарын өзбек тіліне аудару үшін Өзбекстан Республикасының парламенті (Олий мажилисі) 2018 жылы 30 миллион сум бөлген
Ала шапанды көршіміз өз тіліне аударған Абайдың кітаптары бүгінде жоғарғы оқу орындары, орта арнаулы білім ошақтарымен мектептердің кітапханаларына тегін таратылып жатыр екен. Бұл бастамаға өзбекстандық жастар Ұлы ақынның шығармаларын өз тілінде оқыса, тереңірек түсінеді деген ой түрткі болыпты.
Қазіргі таңда жоба өз жемісін бере бастаған. Себебі, өзбек тілінде Абай жайлы шығарма жазуға ниетті жастардың саны 200-ге жетіпті. Сол себепті, Ташкенттегі жоғарғы оқу орындарының бірінің қабырғасында сол жастарға шығарма жаздыру жоспарланып отыр. Үздік шығарма авторына автокөлік табысталмақшы.
«Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университеттің ректоры Дария Қожамжарова автокөлікті өзі келіп табыстайтын болады. Осындағы атқамінер азаматтар да жүлделі орынға ие болған жастарға бағалы сыйлықтар табыстауға ниетті. Сондай-ақ, Дария Қожамжарова колледж студенттері де қатысса, тегін оқуға гранттар бөлуге дайын екенін айтты. Бұл жастардың кітап оқуға жасап жатқан үлкен қадамы. Жастарды кітапқа мәжбүрлеп баули алмайсыз. Осылай қызытырып оқтыру керек. Жалпы, балаларды балабақшадан кітапқа баулыған жөн. Сонда біздегі ғалымдардың саны артатын болады», - дейді Өзбекстандағы Қазақ этномәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов.
Айта кету қажет, көрші өзбек елінде бүгінде жастарды кітапқа баулу үшін көптеген шара жасалып жатыр екен. Жуырда ғана ел президенті 600 кітап оқыған студентке автокөлік сыйлаған.
Есек салайық, Ташкентте 2014 жылдың маусым айында Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылған болатын. Нысан Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігі ғимаратының алдында орналасқан. Ескерткіштің ашылу салтанатына сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Арай Есенбек, Ташкент