$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.01.2021, 13:52
Мәдениет

«Хәрри Поттер» деп ұтымды аударылған»: PhD докторанты қазақ-ағылшын тілдеріндегі ұқсастық туралы

Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығының өкілдері Тоқаевтың мақаласына ой қосты

«Хәрри Поттер» деп ұтымды аударылған»: PhD докторанты қазақ-ағылшын тілдеріндегі ұқсастық туралы
University of Strathclyde, фото: smapse.ru

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысы қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады.

«Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - делінген мақалада.

Шотландия мемлекеті, Глазго қаласында орналасқан University of Strathclyde (UK) PhD докторанты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Ансар Бердіқожа ана тілімізге деген құрметті арттыру үшін, тілдің қолданысын кеңейту үшін бірнеше тәсілді ұсынды.

«Бүгінгі қазақтардың көбі ана тілінен гөрі орыс тілін жақсы біледі. Сол себепті, басқа тілдегі сөздерге орыс тілінің призмасы арқылы қарайды. Мәселен, сол орыс тілінің өзін алып қарасақ, оларға да көп сөз басқа тілден енген. «Кнопка» дейміз, ол ағылшынның «knob» сөзінен алынған. «Кастрюля» сөзі ағылшынның «casserole» сөзінен шыққан. Мұндай мысал көп. Ал ағылшынның түп-төркіні латын тілі екенін жақсы білесіз. Егер біз терминдерді орыс тілі арқылы емес, тікелей ағылшын тілінен алсақ, ол тілімізге қолайлы болар еді», - дейді Ансар Бердіқожа.

PhD докторантының айтуынша, ағылшын тілі мен қазақ тілінің арасында ұқсастық көп.

«Біріншіден, қазақ тілі мен ағылшын тілінің фонетикасы жақын. Сол себепті, ағылшын тілін тікелей қазақ тілінен үйренген адамдар таза (ағылшынша) сөйлейді. «Орыс тілін білсең, ағылшын тілін тез үйренесің» деген түсінік қате. Орыс тілінде сөздердің орнын ауыстырғанымен, мағынасы өзгермейді деп айтуға болады. Үйренуге қиын тіл деп саналады. Ал қазақ тілінде баяндауыш сөздің соңында болады. Ағылшындарда да сөздердің қалыптасқан тәртібі бар. Қазақ тілі сол жағынан жақындау деуге болады.

Екіншіден, латын тілі күрделі тіл болғанымен, ағылшын - оңай және «экономды» тіл. Сол тұрғыда қазақ тіліне жақынырақ. Мысалы, ғалымдар орыс тіліндегі кітапты ағылшын тіліне аударғанда сөз 30 пайызға қысқаратынын айтады. Аз сөзбен көп мағынаны түсіндіруге болады. Ағылшын да, қазақ та – нақты тіл», - дейді PhD студенті.

Сондай-ақ Ансар Санкт-Петербордағы политехникалық университетте білім алған. Оның айтуынша, Петерборда да көпшілік ағылшын тілін үйренуге бет бұрған.

Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығындағы өзге де студенттер Ансардың тіл туралы ұсынысын қолдайды.

«Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі санасы бар отандастарымыздың құзырында және ол өте орынды. Батыс мемлекеттерін алатын болсақ, олар тілге көп көңіл бөледі. Мысалы, АҚШ-та магистрант немесе докторант болу үшін арнайы тіл емтиханын тапсыру қажет (GRE). Ол – барлық мамандықтарға қойылатын талап. Бұл емтиханда қазір қолданыста сирек кездесетін сөздердің мағынасы сұралады. Осылайша, АҚШ ЖОО-лары тілді бірінші орынға қойып отыр. Ұлыбританияға оқуға келу үшін де арнайы емтихан тапсырасыз. Біріккен Корольдіктегі бастауыш мектептерінде балалар тек үш пәнді ғана оқиды: ағылшын тілі, Ұлыбритания тарихы және математика. Ұлыбритания – көпұлтты мемлекет, бірақ осындай саясаттың арқасында барлығы ағылшын тілін біледі, сол тілде еркін сөйлейді. Тіл - көптеген ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін ортақ ұғым. Қазақ тілін дамыту туралы айтқанда, ол үшін жаңа сөздер мен структураларды енгізу алдында қазақ тілін талдап қана емес, дүниежүзінде болып жатқан үрдістерді ескерген жөн. Жаңа техника мен технологиялар ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде туып, дамып жатқандықтан және осы тілде жылына ең көп кітап басылатындықтан, басқа тілдерге сөздер ағылшын тілінен енуде. Олардың қатарына араб, түрік тілдері де кіреді», - дейді бірлестіктегі өзге студенттер.

Ансар Бердіқожа Моңғолия қазақтары орыс тілін білмегендіктен терминдерді тікелей ағылшын тілінен алатынын айтты, сондай-ақ мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолдану керегін жеткізді..

«Қазақ тіліне «самовар» сөзі «самаурын» деп қолданысқа енді. Сол сияқты ағылшын тіліндегі сөздердің де тікелей енгені дұрыс. «Гарри Поттерді» қазақ тіліне тәржімалаған Раиса Қадырқызы кітап атауын «Хәри Поттер» деп аударды. Бұл - дұрыс аударма және біздің тілімізге өте жеңіл. Біз Пекинді «Бейжің» дейміз. Қазақ тілінің үндестік заңына сай болғандықтан, айту да, қолдану да оңай», - дейді Ансар.

Тіл жанашыры қазақ тіліне жаңа терминдерді енгізу үшін «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің бәрі бірігіп, ортақ сайт (ресурс) ашу қажет деп ұсынды.

«Әрқайсысы өз саласында терминдерді ағылшын тілінен алып, енгізсе, өз нұсқасын ұсынса, сөздік қалыптасушы еді», - деп қорытындылады сөзін Ансар.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары