Олимп шыңы. Ақан Сатаев Серік Сәпиев туралы фильмді түсіруге 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсамақ

Автор: Azattyq Rýhy

Картинаның әдеби сценариі – 67 млн теңге. Оны жас актриса Альмира Тұрсын жазған

Кинорежиссер Ақан Сатаев түсірген «Боксер» толықметражды фильмі биыл шілде айында жарыққа шығуы мүмкін. Мемлекеттің қаражатына түсіріліп жатқан киноның тұсаукесері 2020 жылғы Олимпиада қарсаңында өтуі керек еді. Алайда, пандемияға байланысты картина бір жыл кешігіп жарыққа шықпақ. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне фильмнің продюсері Светлана Нам мәлімдеді.

Киноны Sataifilm компаниясы 2019 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен келісімшарт аясында түсіруге келіскен. Фильм сюжеті екі дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиевтің өмірі мен спорттық жолына құрылған. Спорт саңлағының рөлін Смадияр Сабыров есімді жас актер сомдап шыққан. Ол кастинг арқылы таңдалыпты. Киноға кеңесші ретінде Серік Сәпиевтің өзі қатысқан.

Фильмнің сценариін жазуға Ақан Сатаевтың өзінен бөлек екі адам қатысты. Әдеби сценариді жазуға Тимур Жақсылықов пен «Томирис» фильмінде басты рольді сомдаған Альмира Тұрсын отырыпты. Алғашқысы Sataifilm компаниясы құрылғаннан бері түсірілген барлық фильмнің сценариін жазуға атсалысқан. Тимур Жақсылықов 2007-2020 жылдар аралығында «Ағайындылар», «Рэкетир», «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол» сияқты кинотуындылар арқылы танылған.

Фильмнің продюсері Светлана Нам жас актриса Альмира Тұрсын бұл туындының әсерлі шығуына айтарлықтай үлес қосты деп есептейді. Ол жазған сценарий Олимпиада чемпионы туралы киноның негізі болған.

«Сценарий авторлары үш адам: Тимур Жақсылықов, Альмира Тұрсын және Ақан Сатаев. Бірақ, Альмира туралы ел түрлі пікірде болуы мүмкін. Кәсібилігіне күмән келтіріп жатыр. Ол бокспен айналысады, бұл – бір, ол кәсіби актриса болмаса да Томиристің рөлін тамаша ойнап шықты. Ол коуч, тренер, психолог, дауыс ырғағы да ерекше. Тәрбиелі қыз. Біз оның жазған сценариін қатты ұнаттық. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Кімнің аузына қақпақ боламыз. Менің де алғашында күмәнім болған. Себебі мен де белгілі сценаристің қызымын. Шығарманың сәтті шығуы сценариге байланысты екенін жақсы түсінемін. Сосын жоғарыда айтқан үш автордың ішінде Альмираның жазып әкелгені біздің көңілімізден шықты. Бұл экшн немесе боевик емес, бұл спортшының жетістікке жету жолындағы хикая. Кедей отбасынан шыққан, провинциялық кейіпкердің бейнесін жасауға Ақанның осындай адамды алып келгеніне риза болдым», - дейді Sataifilm компаниясының өкілі Светлана Нам.


Фотосуретте Ақан Сатаев пен Альмира Тұрсын

Мемлекеттік сатып алу порталында «Боксер» фильміне бөлінген қаражат көлемі көрсетілген. Туындыға 2019 жылы 500 млн теңге бөлінген екен. Оның ішінде 67 млн 500 мың теңге әдеби сценариге қарастырылған. Киносценаридің авторлары туралы жоғарыда айтылғанымен, олардың әрқайсысына қанша қаражат берілгені туралы ақпарат құпия. Ал 2020 жылы Sataifilm компаниясы Ұлттық киноны қолдау орталығымен тағы бір шарт жасасқан. Ол жерде Серік Сәпивтің бейнесін жасауға 300 млн теңге қосымша бөлінген. Ал 2021 жылы да киноны монтаждап, тарату үшін қаражат қарастырылып отыр.  Продюсер Светалана Намның айтуынша, биыл наурыз айының соңында қаражат көлемі белгілі болады.

«Бізде қалыптасқан жаман әдет бар. Ол бір продакшн екінші бір продакшнның қалтасын аңдып, ақшасын санайды. Бұл өте өкінішті. Ашық дереккөзінде сценариге бөлінетін қаражаттың көлемі жазылатыны рас, бірақ оның жұмсалуы, жұмыс атқарлыған соң берілетін есепте қаражат мүлдем басқа болып шығуы мүмкін. Автордың жеке-жеке қанша қаражат алғаны туралы мен ақпарат беруге міндетті емеспін. Ол ішкі құжат саналады. Сметада жазылған қаражат көп болып көрінгенімен, процесс барысында ол сомма өзгеретінін ескеру керек. Фильмнің түсіріліп жатқанына 3 жыл болды. Себебі кинонының барысында Лондон, Пекин, Мьянма, Баку және Милан қалаларына іс-сапарларға баруға тура келді.  Иә, 2019 жылы 500 млн теңге, 2020 жылы 300 млн теңге айналасында қаржы қарастырылды. Негізі 2020 жылы 377 млн теңге бөлінуі керек еді. Бізде 2021 жылдың жазына дейін яғни Олимпиада басталғанша уақыт бар. Жаңа контаркт күтіп отырмыз, яғни монтажға ақша бөлінуі керек. Қазір ол кино консервацияда тұр», - дейді Светлана Нам.

Режиссер Ақан Сатаевтың тұлғалар туралы, оның ішінде қазақ тарихына қатысты бюджетті фильмдердің сценариін жазуға танымал кинодраматургтерді қатыстырмағаны туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Сатаевтың «Қасым хан» туындысының сценариін бұрынғы әйелі Назира Бақаеваға сеніп тапсырғанын бұған дейін кино мамандары сынға алған еді.

Оқи отырыңыз: Ақан Сатаев ажырасып кеткен әйеліне тарихи тұлға туралы фильм сценариін жаздырып жатыр

Белгілі кинорежиссер «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы (көпсериалды тарихи сериал)» және Елбасы туралы фильмдердің авторы Рүстем Әбдіраш Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында нағыз кинодраматургтерінің қазақ киносынан аластатылғанына қынжылды. Ол кино өнері кім болса соның қолжаулығына айналғанын және сценарий жазуда режиссерлер тамыр-таныстық пен талғамсыз дүниелерге құмартпағаны дұрыс екенін ескертеді.  

«Сценариді маман жазуы керек. Ол қатып қалған қағида. Осындайда Гогольдің «Мертвые души» шығармасы есіңе түседі. Кино – кәсіби мамандық. Бұл саламен осы кәсіпті меңгерген адамдар айналысқаны жөн деп ойлаймын. Кинодраматург деген үлкен мамандық. Қазақ киносында осы кәсіпті меңгерген саусақпен санарлық қана маман бар. Шахмерден Құсайынов, Смағұл Елубай, Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсынов сияқты адамдар оқыған, әдебиет инситутын бітірген нағыз мамандар. Әдеби жобасын жазғанда кинодраматург деген мамандықты бітірген адамдарға жүгінуші еді. Қазір сондай заман болды, танысы болса әнші, актер, актриса болып шыға келеді.

Ақанның өзі режиссер, өзі продюсер болғандықтан кімге сценарий жаздырады, кімді басты рольге алады - оны өзі біледі. Қазір бұрынғыдай худсовет деген жоқ. Сондықтан ол бәрін өзі біледі. Қызғанып отырғаным жоқ. Жақсы фильм түсіріп шығуына тілектеспін. Тек мемлекет бюджетінен қаражат бөлініп отырғаннан кейін осы салаға еңбегі сіңген мамандарды жұмысқа тартуы керек еді деп ойлаймын» - дейді Р.Әбдіраш.


Фотосуретте Рүстем Әбдіраш

Рүстем Әбдіраш соңғы екі жылда кинодан шеттеп қалғанын және өзіне тапсырыс берілмейтінін айтады. Ол кәсіби маман бола тұра, жұмыссыз отырғанын, сол сияқты қазақ кинематография саласының өзге де майталмандары идеяларын жүзеге асыруға ақша таппай отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, қомақты қаражат бөлініп жатқан киноларды батыс елдеріндегідей кәсіби гильдия сүзгісінен өткізу керек. Әйтпесе халықтың қаржысына сапалы дүние жасап, оның ішінен өз еншісін алып, саланы «бизнеске айналдыру» жалғаса бермек.

«Кино саласында кәсіби гильдия деген бар, соны ашу керек. Ол операторлар гильдиясы, сценаристер гильдиясы болуы мүмкін. Егер шетелге барып кино түсірейін десең, гильдиялардың алдынан өтпей жоба басталмайды. Операторлар, суретшілер, актерлер және режиссерлер гильдиясы кімге қандай қаражат бөлінуі керек, кімнің кәсіби деңгейі қандай дегенді саралап барып, ақша жұмсауға рұқсат береді. Ал сырттан килігіп кететіндерге тоқсауыл болады. Кеңес заманында мұны Кинематогаффистер одағы атқаратын. Қазір Қазақстанға осы ауадай қажет», - дейді режиссер.

Кинорежиссер әрі драматург Сатыбалды Нарымбетов 1969 жылы Мәскеуде  Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын бітірген соң, ондаған фильмге сценарий жазған. Ол шығармашылық ғұмырында миллиондап қаламақы алып көрмегенін айтады. Кино саласының мэтрі жас сценаристердің туындысы үшін өте көп гонорар алатынына таңданысын жасырмады. 

«Мен фильмді көрген жоқпын, бұрынғыдай еш жерде көркемдік кеңесте де жоқпын. Бізді шығарып жібергелі қашан. Егер соншама гонорар алғаны рас болса, қаржы бөлімі тексеруі керек. Мен өз басым өмір бойы небір фильмге сценарий жазып жүріп, ондай ақша алған жоқпын. 1969 жылдан бері киностудиядан жұмыс істеп келе жатырмын. Сценарист ретінде, режиссер ретінде ондай ақша менің түсіме де кірген емес. Менің Мәскеуде екі досым бар. Оның біреуі Мережко (Виктор Мережко – авт.), ол 200-250 мың АҚШ долларын алады. Александр Боряданский 200 мың доллар алады, олар атақты драматургтер, Ресейде бұл тұрғыда проблема жоқ, олар мәселені бұрынырақ шешіп қойған. Актердің гонорары, режиссер, оператордың қаламақысы бөлек-бөлек шешілген. Менің ең көп алған гонорарым – 20-30 мың АҚШ доллары, ал қазір миллион деп басты айналдыратын болды. Ақан Саатаев менің шәкіртім, бірақ ол маған ренжіп жүр. Біз Асанәліден бастап Ақтотыға 10 адам хат жазып едік қой. Соның ішінде менің де фамилиям бар, Ақан соған өкпелеп жүрсе керек», - деп ойын түйіндеді режиссер С.Нарымбетов.

Ақан Сатаев пен «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметіне пікір білдіру туралы бірнеше рет хабарластық. Бірақ редакцияның сауалдарын жауапсыз қалдырды. Шәкен Айманов атындағы кино өнернінің қара шаңырағын басқарып отырған танымал продюсер өз жоспарларымен бөлісіп, қазақ киносының алдағы бағыт-бағдары туралы пікірін біздің оқырмандарға жеткізеді деп үміттенеміз. Ал, мемлекет қаржысына түсіріліп жатқан тарихи туындылар өміршең болуы үшін оның сапалы болғаны керек. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кешегі мақаласында да осы мәселеге назар аударуды тапсырды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы