Олар түсірілімі тоқтап қалған «Қасым хан» фильмін қайта қолға алды
Қазақтың ұлы хандарының бірі, Әз-Жәнібек ханның ортаншы ұлы Қасым хан туралы көркем фильм ақыры түсірілетін болды. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясы қысқаша ақпарат таратқан еді. Былтыр қыркүйекте танымал жазушы, кинодраматрург Смағұл Елубай «Қасым хан» фильмін түсірушілерді сынаған болатын. Ол түріктің режиссері 75 сериялық кино түсіргелі жатыр деп наразылық білдірген. Түркияда «Ертұғырыл» сериалын жасаған режиссер Метин Гюнайды бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасымен жолықтырып, қазақ ханы туралы тарихи туынды түсіруге рұқсат алған. Көп ұзамай жобаға бюджеттен 11 млрд теңге бөлінгені белгілі болған еді.
Алайда, тарихи тұлғаның өмірі туралы киноны түрік режиссерінің сценариімен түсіруге қарсы болған жазушы Смағұл Елубай қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жолдады. Ол фильмге қатысты жоспарларды дереу киностудияның Сарапшылар кеңесінің талқысына қайта салуды сұрады. Жазушының өтінішіне құлақ асқан министр фильм түсірудің белгісіз мерзімге шегерілгенін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: «Қасым хан» туралы фильмнің сценарийін ұрлап, 11 млрд теңгеге кино түсіріп жатқан кім?
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі биыл ақпан айында бастапқы сценарий авторы Смағұл Елубайға хабарласып, тарихи киноның ары қарайғы тағдыры туралы сұрап білген. Жазушы фильм түсіру жұмысының уақытша тоқтатылғанын растады. Ол қаржылық мәселелер тексеріліп жатқанын, фильмнің ары қарайғы тағдыры не боларын білмейтінін айтқан.
Смағұл Елубай тәжірибелі түрік режиссерінің көпсериялы кино түсіруіне неге қарсы болғанын түсіндіре кеткен. Қаламгердің пайымынша, Қасым мен Мұхамед Шайбани бөле болғанымен, кейін жауласып, өзбек-қазақ болып ұзақ уақыт соғысады. Ендеше қазіргі бауыр халықтардың өткен тарихындағы шиеленісті кезеңді бақандай 70 сериалға арқау етудің салдары ауыр болады. Смағұл Елубай өзі жазған сценарийде бұл жағы жасырын көрсетілгенін, араласып отырған дос халықпен соғысты насихаттауға болмайтынын айтты. «Егер бір сериялы етіп түсірсек, соғыс бір-ақ рет көрсетіледі. Негізгі акцент Мұхамед Шайбанидің өзі мен Қасым ханға жасалады. Қалған жерінде сылап-сипап өтіп кетер едік», - деген болатын қаламгер.
Оқи отырыңыз: «Қасым хан» фильмі: 11 млрд теңге бөлінген кино консервацияда тұр
СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙДЫҢ «ҚАСЫМ ХАН» ТУРАЛЫ КИНОСЦЕНАРИІ КЕРЕК БОЛМАЙ ҚАЛДЫ
Бүгін Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісі жазушы, драматург Смағұл Елубайға араға он ай салып тағы хабарласты. Белгілі қаламгер «Қасым хан» киносының түсірілетіні туралы қуанышты хабарды естігенін айтады. Алайда, өзі жазған сценариді ешкім керек етпегеніне қынжылды. Қасым ханның өмірі туралы киноға арналған сценарий Елбасына ұсынылған. Нұрсұлтан Назарбаев екі рет оқып шығып, өте жақсы деген баға берген. Бірақ оны қазіргі «Қазақфильм» киностудиясының басшылары керексіз деп тапты дейді жазушы.
«Фильм түсірілетін болыпты. Қаражат консервациядан алынды дегенді естігенде қуандым. Ақан Сатаев жолы ашық тұрған режиссер ғой қазір. Сол түсіретін болыпты. Бірақ менің дайын тұрған сценариімді керек етпеді. Тіпті, ол үшін бір тиын қаражат та алған емеспін. Жалпы, бұлар мені өкпелетті. Бірақ 2021 жылы ашаршылыққа 100 жыл толады. Сондықтан өз романым бойынша «Ақ боз үй» деген жобамды ұсынған едім, министрлік соны қолдап кино түсіретін болдық. Ол жерде мен сценарий авторымын, идея авторымен, ал ұлым Бекарыс Елубаев киноның режиссері. Осы көктемнен бастап кірісеміз. Міне, енді осындай жобаға жол ашылған соң, мен тілімді тістеп қалуға мәжбүр болдым. Ашаршылық туралы фильмге 400 млн теңге бөлінді», - дейді Смағұл Елубай.
Көптеген режиссердің арманы болған «Қасым хан» көркем фильмін түсіру Ақан Сатаевқа бұйырғанын «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз хатшысы растады. Киностудия өкілі Бауыржан Үсенов кино актерлеріне кастинг жарияланып, сценарий жазылып жатқанын мәлімдеді. Фильмді түсіру жұмыстарын 2021 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
«Режиссер Ақан Сатаев бастаған шығармашылық топты 1511-1521 жылдары Қазақ хандығын басқарған, аты аңызға айналған ханның тарихи бейнесін жаңғыртуда көп жұмыс күтіп тұр. Дәл осы жылдары мемлекет Шығыс Дешті Қыпшақтың ауқымды территориясына бақылау орнатты. «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі заң жасалып шығарылды. Ол дәуірде қазақтар тәуелсіз этникалық қауымдастық ретінде біздің территориямыздан тыс жерлерде де танымал болды», - деді киностудияның баспасөз хатшысы.
АҚАН САТАЕВТЫҢ БҰРЫНҒЫ ӘЙЕЛІ – ҚАСЫМ ХАН ТУРАЛЫ ФИЛЬМНІҢ СЦЕНАРИСІ
Ең қызығы, қазақ тарихының ең жауапты кезеңі мен хандықтың күшейген уақытын бейнелейтін фильмге сценариді Бекболат Шекеров, Нәзира Бақаева және Ақан Сатаевтың өзі жазып жатыр. Ашық дереккөздерінде Бекболат Шекеров сценарист деп көрсетілген. Ол осы күнге дейін «Однажды в багажнике» комедиясы мен «Секер» деп аталатын киноға сценарий жазған. Фильмнің тағы бір сценарисі Нәзира Бақаева жұртқа кино саласынан гөрі Ақан Сатаевтың бұрынғы әйелі ретінде етене таныс. Режиссер биыл 4 қарашада 20 жыл отасқан Нәзира Бақаевамен ажырасқаны туралы хабарлаған болатын. «Отбасылық драма» әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде кеңінен талқыланған еді.
Оқи Отырыңыз: Танымал режиссер Ақан Сатаев әйелімен ажырасқанын мәлімдеді
«Жұрт аузында түрлі қауесет әңгіме тарап кетпес үшін Нәзира екеуіміз жеке өміріміздегі өзгерістер жайында осы желі арқылы ресми түрде айтып бергенді жөн көрдік. Сіздерден түсіністік танытуды және осы мәселеде адамның жеке кеңістігіне құрмет білдіруді сұраймыз», - деген еді режиссер желідегі оқырмандарына. Дәл сол күні Нәзира Бақаева да пост жазып, күйеуімен ажырасқанын растаған.
Әңгіме қазақ халқының ұлы билеушісі мен қомақты бюджет қаражатына қатысты болғандықтан, Сатаевтар отбасының жеке кеңістігіне құрметпен қарай отырып, ашық дерекөздерден бірер ақпарат беруді жөн көріп отырмыз. Айта кетейік, қазақстандық танымал режиссер, актер Ақан Сатаевтың жары, бес баланың анасы өнер жолынан бас тартып, ендігі өмірін отбасының берекесіне және мұсылмандық жолға арнайтынын мәлімдеген.
Нәзира Бақаева өмір жолында актриса ретінде екі фильмге қатысқан. Ол оқушы кезінде режиссер Канымбек Касымбековтің «Қоштасқым келмейді» (1992 жылы) фильмінде басты рөлде ойнады. Бұл фильмге әнші Мейрамбек Бесбаев та түскені белгілі. Ал сазгер Марат Омаров әуенін жазған.
Нәзира одан кейін режиссер Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» (1993) фильмінде төбе көрсетті. Айтпақшы, осы фильмде Ақан Сатаев актерлік қырынан танылады. Ол студент Азаттың рөлінде (прототипі Қайрат Рысқұлбеков – авт.) ойнады. Бір жарым сағаттық драма Желтоқсан оқиғасына арналады.
«Қоштасқым келмейді» фильмінен
Айта кету керек, режиссердің бұрынғы жары Instagram әлеуметтік желісінде өте белсенді, 33 мың жазылушысы бар әйел Ақан Сатаев және балаларымен бірге түскен фотосуреттерді әлі күнге дейін жүктеп отырады. Отбасы мүшелері осыдан 5 күн бұрын Алматы облысындағы «Ойқарағай-Лесная сказка» демалыс кешенінде уақыттарын бірге өткізген.
«Сатайфильм» студиясының негізін қалаушы Ақан Сатаев пен оның бұрынғы зайыбы отбасылық демалыста ғана емес, жұмыста да бірге. Жақында «Қазақфильм» киностудиясының тізгінін қолға алған продюсер әрі режиссер «Қасым хан» туралы фильмге сценарий жазып жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, ерлі-зайыптылармен бірге қомақты қаражат бөлінген киноға Бекболат Шекеров есімді азамат сценарий дайындауға көшкен. Ал консультант ретінде архитектор Алмас Ордабаев пен тарихшы Беркет Кәрібаев қатысады.
САТАЕВ КИНО САЛАСЫНДА ЖҮРГЕН БИЗНЕСМЕН – ТҰРСЫНОВ.
Танымал режиссер, Қазақстан кинематографистер одағының президенті Ермек Тұрсынов «Қасым хан» сияқты үлкен тақырыпқа дайындықсыз кірісу, оған білімі таяз және қазақ тарихын білмейтін адамды сценарист етіп тағайындау мазақ деп есептейді. Небір жазушы, кәсіби драматургтердің өзі осындай үлкен тақырыптапға кірісіп, ақырында қолынан ештеңе келмейтін кез болады дейді Тұрсынов.
«Қазақта мақал бар: «Қисық аяққа қызыл кебіс не керек». Қазір бәрі жазғыш. Қазір енді мына Ақанның тірліктерін қабылдай алмайтын болдым. Басқа режиссер табылмағандай, мына Ақанға қайта-қайта үлкен бюджеттік фильмдерді бере беруі әділетсіздік деп есптеймін. Басқа жас талантты режиссер көп. Мысалы, бұл киноны Айсұлтан Сейітов тамаша түсірер еді. Ол қазаққа жанашыр, білімді. Ал Ақан режиссер емес, кино саласында жүрген бизнесмен. Мен оны режиссер ретінде қабылдай алмаймын. Ондай сценарий жазу үшін үлкен дайындық керек. Адам білімді, мәдениетті білуі керек. Қазақтың тарихын білуі керек. Ондай үлкен тақырыпқа барғанда, осыны көтере аламын ба деген өзіне сұрақ қоюы қажет», - дейді Ермек Тұрсынов.
Ал соңғы жылдары қазақтың көптеген тарихи киноларына сценарий жазған, сарапшылар кеңесіне де мүше Смағұл Елубай жоғарыдағы «үштік» жазып жатқан сценаримен міндетті түрде танысатынын және ол көңілінен шықпаса, мәселені төтесінен қоятынын да айтып қалды.
«Мен наразымын. Қасым хан – қазақтың мақтанышы. Сондықтан бұл бір шетін тақырып. Соны аман-есен алып шықса деп тілеймін. Ал алып шыға алмаса, бұл әңгіме қайта қозғалуы мүмкін. Ол кезде мен өз сценариімді көпшілікке жариялап, Ақан Сатаев неге лақтырып тастап, өзі жазуға кірісті дегенді күн тәртібіне қоятын боламын», - дейді Смағұл Елубай.
«Томирис» фильмі үшін 2,5 млрд теңге жұмсаған Ақан Сатаев Қасым хан туралы 16 сериялық телевизиялық көркем фильмге нақты қанша қаражат жұмсайтыны белгісіз. Бір серияның ұзақтығы – 54 минут. Тарихи драманы түсіру үшін түрік режиссері Метин Гюнайға 11 млрд теңге бөлінгені белгілі. Түсірілімді жарты жолдан тастап кетіп қалған «Ертұғырылдың» режиссері 1 млрд 300 млн теңге, бір дерек көздерінде 700 млн теңгені жұмсап кеткен. Алайда, оның артын қазбалап, ақша қайда деген ешкім жоқ.
АСЫҒЫС ЖАСАЛҒАН ТЕНДЕР: ҚЫМБАТ БҰЙЫМДАР, ЖАСАНДЫ ҚҰЖАТТАР
Өзінің есімін атамауды сұраған дереккөз Azattyq Rýhy тілшісіне бұл фильмге 9 млрд теңге көлемінде қаржы көзделгенін айтады. Биыл фильм дайындығына 511 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, ол тез арада игерілген екен. Ал 2021 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінен 3,5 млрд теңге сұрап отырғаны айтылады.
Біз өз тарапымыздан мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпараттарға үңіліп, жоғарыдағы 511 млн теңгенің қайда жұмсалғанын зерттеп көрдік. Порталда негізгі үш лот бойынша келісімшарттарға қол қойылған. «В потоках истории: Обретая вечность. Касымхан» деген атпен жарыққа шығатын киноға көрсетілген қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алу шарттары биыл 18, 20, 22 желтоқсанда жасалыпты.
Бірінші келісімшарт «Палагина Лариса Львовна» жеке кәсіпкерлігімен 77 млн теңгеден астам сомаға жасалған. Бұл фирма бұл қаржыға киноға қажетті ойын қаруларын жасауы тиіс.
Екінші келісімшартты «Қазақфильм» АҚ «Сулейменова А.В.» жеке кәсіпкерлігімен 18 желтоқсан 2020 жылы жасасқан. «Қасым хан» фильмі үшін декорация жасауға бұл компания 17 млн 900 мың теңгеге тендер ұтып алған.
Үшінші келісімшартты киностудия «Жолдас-star Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 2020 жылы 20 желтоқсанда жасаған. Бұл компания бейнесюжет, роликтер мен соған ұқсас бейнежазбаларды шығару/өндіру/дайындау бойынша қызмет көрсетуге деп 252 млн теңге қаражат алған.
Ал 21 желтоқсанда киіз үйлер дайындау үшін Олжас Серікбаев деген азамат – 50 млн теңгеге, ал ойын қару-жарақтарын жасауға «MADMIR» жеке кәсіпкерлігі 76 млн теңгені тендерден ұтқан.
Мұнда назар аударатын жәйт, мелекеттік сатып алу порталында 20 желтоқсан 2020 жылы келісімшарт пайда болады да, арада үш сағат өткен соң атқарылған жұмыстың актісі пайда болады. Жоғарыда көрсетілген келісімшарттардағы 77 млн, 17 млн 900, 252 млн теңгенің жұмысы небәрі үш сағаттың ішінде орындалған ба деген күмәнді ой туады. Көз ілеспес жылдамдықпен орындалған жұмыс туралы құжаттар да ашық дереккөздерден табылды. Мысалы, 252 905 246,65 теңгеге 20.12.2020 келісімшарт жасасқан «Жолдас-star Production» ЖШС сол күні, яғни 20.12.2020 жылы 27 096 990,65 теңгеге атқарылған жұмыстың актісін тапсырған.
Ал келісімшартқа қосымша жасалған техникалық сипаттамасына үңілгенде, қызмет түрлері үшін өте жоғары баға қойылғанын көруге болады. Қазақ хандығының жасағы жорыққа шыққанда көтеріп жүретін байрақ үшін 900 мың теңге қарастырылған. Бұл жұмысты кез келген жарнамалық өнімдер жасайтын мекеме он есе арзан бағаға жасап беретіні белгілі. Тек туға бір млн теңгеге жуық қаражат жұмсалса, оны жібектен жасады ма, әлде жазулары алтынмен өрнектелген бе деген ойға қаласың?! Ал садақтың жүз дана жебесі үшін 350 мың теңге қарастырылған. Бір қылыш үшін 80 мың, бір шоқпарға 89 мың теңге шығындалмақ.
«Қазақфильм» киностудиясында соңғы 15 жылда ондаған тарихи фильм түсірілді. Олардың декорациясы мен ойын қару-жарақтарына мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалды. Олардың барлығы ұлттық киностудиясының қоймасында сақталып жатқаны сөзсіз. Жоғарыдағы қару-жарақ жасау жұмыстары қағаз бетінде қалып, шын мәнінде, фильм үшін сол қоймада тұрған қару-жарақтар пайдаланылмай ма екен деген сауал көңілімізді күпті қылды.
Біз «Қазақфильм» АҚ басшысы Ақан Сатаев пен киностудиясының баспасөз қызметінен төмендегі үш сауалға жауап беруді сұраймыз.
Қасым хан сияқты тарихи тұлғаның бейнесін ашу үшін бұрын-соңды сценарий жазып көрмеген актриса Нәзира Бақаеваны тарту қаншалықты маңызды?
Мемлекеттік сатып алу үшін келісімшарт жасалған күнмен атқарылған жұмыстардың актісін жабу заңды ма?
Декорация, киіз үйлер және қару-жарақ жасау сметасы қандай негіздерге сүйеніп түзілген?
Ришат Асқарбекұлы, Алматы