Қазақ киносының алтын қорын енді француздар да тамашалай алады
«Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көксерек», «Транссібір экспрессі», «Отырардың күйреуі», «Менің атым – Қожа» фильмдері француз тіліне аударылды
Қазақфильмнің алтын қоры алғаш рет француз тіліне аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Францияда қазір Қазақстан киносының екінші фестивалі басталды. Тек індетке байланысты кино үлкен экранда емес, онлайнда көрсетіледі. Оған 14 фильм таңдалды. Ұлы ақынымыздың мерейтойына Абай өлеңдері, ал Жеңістің 75 жылдығына орай Мәншүк туралы ән картиналары дайындалды.
«Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көксерек», «Транссібір экспрессі», «Отырардың күйреуі», «Менің атым – Қожа» секілді сүйікті фильмдерімізді енді француздар да қарай алады. Фестиваль басшылығы бір топ волонтерлермен бірлесіп, фильмдерді аудару мен титр салу бойынша үлкен еңбек атқарды. Ал қазақстандық киноға құмар француз мамандары түсі мен дыбысын қалпына келтірген.
«Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл волонтерлердің жылы болды. Біз де өзіміздің еріктілерімізбен жиналыс өткіздік. Арасында француздар, қазақстандықтар, ресейліктер мен украиналықтар бар. Бірақ фильмдерді аудару секілді негізгі жұмысын француздарға атқаруға тура келді», - дейді Франциядағы Қазақстан кино қауымдастығының президенті Андрэ Иванов.
Қазақстан мен өзге елдердің де кино саласындағы қайраткерлері де бұл шараға қолдау білдірді. Режиссер Сергей Дворцевой және «Қыз Жібек» рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова көрермендерге арнап, бейнеүндеу жасады.
Індет басылғаннан кейін Франциядағы Қазақстан кино қауымдастығы бұл фильмдерді Париждегі кинотеатрда көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ қазақ киносының клубын да ашпақ.