Junior Eurovision-2019 байқауының ашылу салтанаты өтті
Польшада өтетін Junior Eurovision халықаралық байқауына жерлесіміз Ержан Максим де қатыспақ
18 қарашада қазақстандық жас әнші Ержан Максим қатысатын Junior Eurovision – 2019 байқауының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара барысында байқауға қатысушылардың реттік нөмірлері белгілі болды. Ал жерлесіміз Ержан Максим 10-шы болып өнер көрсететін болды, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.
Айта кетсек, кеше Ержан Максим Польшада өтетін Junior Eurovision халықаралық байқауына аттанды.
Сонымен қатар, жас әнші Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Junior Eurovision байқауында өзіне 6 реттік саны түскенін қалайтынын айтқан болатын.
Evrovision халықаралық балалар ән байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливица қаласында өтеді. Жеңімпазды халық дауыс беру арқылы анықтайды. Ал «Хабар» агенттігі бұл сайысты тікелей эфирде көрсетеді.
Қазақстандықтар Ержан Максим үшін дауысты Junior Eurovision сайтында бере алады.
Үміткерлерге дауыс беру 23 қарашада басталып, сайыс біткенде аяқталады. Көмейіне құмыр құс ұялаған Ержан Максим осыған дейін Австралия мен польшалық өрендердің өнерін тамашалап, тәнті болыпты.
«Жарыста негізгі қарсыластарым солар болады», деп отыр.
Жеребе тастау қорытындысы бойынша байқауды бірінші болып австралиялық қатысушы ашса, Сербиядан барған өрен 19-шы болып аяқтайтын болды. Ал Польша қатысушысы 11-ші болып өнер көрсетеді.