Мәдениет министрлігі Жандос Әубәкіровтың мәселесі бойынша жауап берді
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының экс-солисі, ҚР Еңбек сіңірген артисі Жандос Әубәкіров әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жолдаған еді. Балет артисі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйға тартқан пәтерді «Астана Опера» театры тартып алмақ болып жатқанын айтқан.
Сұхбаттан соң Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» театрына сауал жолдаған еді.
Министрлік ресми хатқа 3 апта өткен соң былайша жауап берді:
«2013 жылғы 23 ақпандағы қабылдау-тапсыру актісіне сәйкес Астана қаласы, Достық көшесі, 13/2 үй мекенжайы бойынша орналасқан 10 пәтер, оның ішінде 111-ші пәтер «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» ММ теңгерімінен «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі» ММ теңгеріміне берілді. Аталған пәтерлер жұмыс орны бойынша К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістеріне қызметтік тұрғынжай ретінде берілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын тарату туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 3 ақпандағы № 43 қаулысына сай, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры таратылды.
Содан кейін, «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 26 мамырдағы № 300 қаулысымен жоғарыда аталған пәтерлер (10 пәтер) «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі» ММ-нің теңгерімінен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан ары – Қоғам) акцияларын төлеуге берілді.
Іс жүзінде пәтерлер 2018 жылғы 24 мамырда мемлекеттік меншікті қабылдау-тапсыру актісі негізінде «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі» ММ-нің теңгерімінен Қоғамға берілді.
Қорытындылай келе, Нұр-Сұлтан қаласы, Достық көшесі, 13/2 үй, 111 пәтер мекенжайы бойынша Жандос Болатұлы Әубәкіровке сыйға пәтер берілгенін растайтын құжаттар жоқ».
Алайда, Жандос Әубәкіров 2013 жылы пәтерлерді театр әртістеріне сыйға беру туралы сол кездегі премьер-министр Серік Ахметовтің қолы қойылған құжатты өз көзімен көргенін айтады.
Театр әртістеріне бұл пәтерлердің сыйға тартылғаны туралы «Казахстанская правда» газетіне шыққан мақала бар.
Айта кетерлігі, министрлік ресми сауалда жазылған сұрақтың барлығына жауап бере алмады.
Жандос Әубәкіровтың айтуынша, 2013 жылы пәтерлер берілген кезде құжат жүзінде «10 пәтердің 8-і 3 бөлмелі, 2-уі 2 бөлмелі «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен беріледі» деп көрсетілген. Алайда, іс жүзінде 1 бөлмелі 4 пәтер, 2 бөлмелі 4 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтер «Нұрсая Бонита» тұрғын үй кешенінен берілген.
Мұндай өзгерістердің неліктен болғаны белгісіз болып қала бермек.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан