ШҚО-да Елеке сазынан 850 алтын бұйым табылды
Сақтарға тиесілі әшекейлер бір-біріне ұқсамайтын ерекше формада жасалған
Тарбағатай ауданындағы Елеке сазынан археологиялық олжа табылды, деп хабарлайды Аltaynews. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған 850 алтын бұйымның барлығы салтанатты ат шеруіне арналған. Ғалымдардың бағамдауынша, әшекейлер орта сақ дәуіріне тиесілі.
«Қазынаны қорғанның өзінен тапқан жоқпыз. Бұл көсемнің зираты құлшылық орны екенінен хабар береді. Көсем қайтыс болған соң осы аумақ киелі орын деп саналып, оған адамдар келіп, ата-баба рухына сыйынған. Сақтар мен кейінгі түрік тайпаларында осындай дәстүр болған. Соған байланысты біз мұнда билеуші жерленді деген тұжырым жасадық», - деді қазба жұмыстарының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев.
Табылған бұйымдардың бәрі аң стилінде жасалған. Тарбағатайдағы сақ ескерткіштері жәдігерлерінің технологиялық жағынан дайындалуына қарап, оның шамамен, б.д.дейінгі V- IV ғасырларға тиесілі екенін аңғаруға болады.
«Ежелгі шеберлердің бірін-бірі қайталамағаны көрініп тұр. Әрбір шебердің өзіндік қолтаңбасы байқалады. Барлық табылған зат мұқият жасалған. Ат-әбзелдерінің дені жұқа фольгадан әзірленген. Алтыннан тығыздалып жасалған ат-әбзелдерін бұған дейін кездестірген жоқпын», - дейді Әбдеш Төлеубаев.
Ғалымдардың пікірінше, үлкен құлақты жолбарыс-пантера үлгісінде жасалған алқа ерекше қызығушылық тудырады. Мифологиялық жануардың аяғына ілінген қоңырау да бар. Сондай-ақ ғалымдарды екі шынжыр сымдағы ақық тастары бар алқа да қызықтырды.
Тағы бір ерекше дүниенің бірі – мысық тұқымдастарға жататын мифологиялық құлақты жыртқыш аң бейнеленген алқа.
Сондай-ақ, археолог қорғаннан 50 метр жерде қола мен алтын құятын ұстахана табылғанын атап өтті. Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, табылған жәдігерлер зерттеу жұмыстарының бастапқы нәтижесі ғана. Өйткені археологтардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жетерлік. Таяу арада олар 4 кіші қорғанды зерттеуге кіріседі.