Шымкент қаласы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қызу дайындалып жатыр

Әкімдік қаланы безендіре бастаған

Шымкент қаласы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына қызу дайындалып жатыр
Фото: Шымкент әкімдігі

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы қарсаңында Шымкентте мерекелік безендіру жұмыстары басталды. Қаланың орталық көшелері мен қоғамдық орындарында айтулы күнге арналған баннерлер мен мерейтойлық көрнекіліктерді көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігіне сілтеме жасай отырып. 

Сонымен қатар қала көшелеріндегі LED-экрандарда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде. Негізгі көшелер бойына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тулары да ілінді. Мұның барлығы шаһардың мерекелік келбетін айшықтай түспек.

Биылғы мереке – еліміз үшін айрықша белес. Өйткені 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, әлем картасында егемен Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабамыздың орындалған арманы, халқымыздың тағдыршешті таңдауы еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз күрделі экономикалық және әлеуметтік сынақтарды еңсеріп, дербес мемлекеттің іргетасын қалады. Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізіліп, Ата Заңымыз қабылданды, мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді. Төл рәміздеріміз – Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз елдігіміздің айнымас нышанына айналды.

Осы 35 жыл ішінде Қазақстан әлемдік қауымдастық мойындаған беделді мемлекетке айналып, орнықты даму жолына түсті. Бұл жетістіктерде республикалық маңызы бар үшінші мегаполис – Шымкент қаласының да өзіндік қолтаңбасы бар. Тәуелсіздік жылдарында шырайлы шаһардың аумағы кеңейіп, халқы миллионнан асты. Бүгінде Шымкент еліміздің ірі өнеркәсіптік, мәдени және іскерлік орталықтарының бірі ретінде қарқынды дамып келеді. Жаңа тұрғын үйлер, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, инфрақұрылым жүйелі түрде жаңғыруда.

Сондықтан көшелерге ілінген көк байрақтар мен мерейтойлық нақыштар жай ғана сәндік элемент емес, ел тарихына деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының белгісі іспетті. Тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістік – тұтас ұлттың бірлігі мен еңбегінің жемісі, ал бүгінгі жарқын бейне – келер ұрпаққа аманатталар берік негіз. Мерекелік безендіру қала тұрғындары мен қонақтарының бойына мақтаныш сезімін ұялатып, ортақ тарихымыз бен болашағымызға деген сенімді одан әрі нығайта түседі. Осылайша, мерейтойға арналған безендіру жұмыстары қалаға ерекше сән беріп, тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.