«Дос-Мұқасанның» «Құдашасына» билеген Павлодардағы оқушылар әп-сәтте жұлдызға айналып шыға келді
Балалар қаладағы №18 мектепте білім алады
Павлодардағы №18 аралас мектептің оқушылары Ұстаздар мерекесіне орай «Дос-Мұқасан» тобының «Құдаша» әніне креативті би билеп, өз ұстаздарының ғана емес, бүкіл Қазақстанның ұстаздарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Оған дәлел - қарапайым ғана мектептің аккаунтына салынған видеоның әп-сәтте 5 миллионға жуық қаралым жинауы. Бір тәуліктің ішінде екі әлеуметтік желіде 600 мыңға жуық лайк жинап, 10 мыңнан астам пікір жазылған, деп хабарлайды
Шынымен де, мектеп оқушыларының бұл биі кәсіби хореограф қойған қойылымнан кем түспеген. Балалардың видеосы әлі де күн тәртібінен түспей, әртүрлі пабликтерге таралып, одан сайын танымал бола түсті.
Сондықтан, Turkystan.kz сайтының тілшісі ұлдар мен қыздар жұптасып билеген сол топтың құрамында өнер көрсеткен оқушылардың бірі – 10-сынып оқушысы әрі меткеп президенті Елизавета Пинигинамен тілдесіп, көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап іздеген еді.
«Біздің мектеп – аралас тілді білім ордасы. Оқушылар қазақ, орыс тілінде білім алады. Өзім орыс сыныбында оқимын. Желіде хит болған «Құдаша» биін билеу идеясы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Русланқызының бастамасымен қолға алынды. Ол кісі бізге Ұстаздар күніне орай ерекше би билеуді ұсынды. Біз бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Би қойылымына 9, 10 және 11-сынып оқушылары қатысты. Айта кетерлігі, біз жастайынан машықтанған кәсіби бишілер тобы емеспіз. Арамызда бұған дейін би үйірмесіне қатыспаған, сахнада өнер көрсетіп көрмеген оқушылар да болды. Қатысушылардың арасында мектеп парламентінің мүшелері де бар. Бәріміз бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске бар күшімізді салдық. Биге дайындық жұмыстары үш аптаға созылды», – дейді Елизавета Пинигина сұхбат бере отырып.
Балалардың бұл еңбегі ақталып, мектептің ресми аккаунтына салынған видео миллиондаған қаралым жинап жатыр.
«Бейнежазбаның қаралымы 3 миллионға жуықтағанын білгенде, қуанышымызда шек болмады. Бұл біз үшін үлкен тосынсый болды. Әрі өз мектебіміздің осындай жетістікке жеткеніне ерекше мақтандық. Қазір де оқушылар «Құдаша» биін зор ықыласпен билеп жүр», - дейді мектеп оқушысы.
Материалдың толық нұсқасын Turkystan.kz сайтынан оқи аласыздар.
